14:50, 20 Ақпан 2013 | GMT +5
2013 жыл Оңтүстік Қазақстан облысында «Тұрғын үй жылы» деп жарияланды
АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - 2013 жыл Оңтүстік Қазақстан облысында «Тұрғын үй жылы» деп жарияланды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың халық алдындағы есеп беруі барысында мәлім болды.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, еліміздің көп өңірлерінде тұралап тұрған тұрғын үй мәселесі оңтүстікте оң шешімін тауып келеді. Мәселен, 2012 жылы тұрғын үй құрылысына 15,1 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 352,2 мың шаршы метр пайдалануға берілген.
«Тиісінше, алдыңғы жылмен салыстырғанда инвестиция 107 пайызды құрап, пайдалануға берілген баспананың жалпы алаңы 1,5 есеге артты. Оның ішінде бюджет есебінен 44 мың шаршы метр немесе 624 пәтер пайдалануға берілді. Баспана кезегінде тұрған азаматтар көп балалы аналар, мүгедек жандар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, сондай-ақ әскери қызметкерлер қоныс тойларын жасап, аймақ басшыларына ризашылықтарын білдірді», - делінген баспасөз хабарламасында.