2025 жылы Қазақстан Қытайға 5 млрд текше метр газ экспорттаған
АСТАНА. KAZINFORM — QazaqGaz ұлттық компаниясының басшысы Әлібек Жамауов Энергетика министрлігінің алқа мәжілісінде ел бюджетіне қанша салық төлеп отырғандарын айтты.
— 2025 жылы газды магистральдық тасымалдаудың жалпы көлемі 88,5 млрд текше метр болды. Ішкі нарыққа 20,5 млрд текше метр газ өткіздік, — деді ол.
Ұлттық компания басшысы қазақстандықтардың газ тұтыну шығындарын азайту үшін 190 млрд теңгеден астам қаржы жұмсағандарын айтты.
— Қытайға 5 млрд текше метр газ экспортталды. Ішкі нарықты субсидиялау жылына 190,5 млрд болды. Ел бюджетіне шамамен 302,1 млрд теңге салық төленді, — деді Әлібек Жамауов.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұлды доллармен есептеу мүмкін емес екенін айтқан болатын.
Бұдан бөлек, биыл жер қойнауын игеру келісімшарттарына ревизия жасалатыны анықталды.