2025 жылы Отбасы банкінің әрбір үшінші клиенті өмірінде алғаш рет өз баспанасына ие болды
АСТАНА. KAZINFORM - Көптеген қазақстандықтар үшін алғашқы пәтер немесе үй сатып алу – өмірдегі ең маңызды әрі қуанышты оқиғалардың бірі. Бұл арманға қол жеткізуге азаматтарға Отбасы банк (Бәйтерек холдингіне қарасты) көмектеседі.

Жыл басынан бері банктің әрбір үшінші салымшысы алғаш рет өз баспанасын сатып алып, жаңа қоныс иесіне айналды.
Қазақстандықтар тиімді жинақ жүргізіп, қолжетімді несие алуға тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі және оның негізінде іске қосылған бағдарламалардың арқасында жетті. Бұл бағдарламалар әртүрлі халық топтарына бағытталған – жас мамандардан бастап, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға дейін. Олар жинақтау мерзімін қысқартып, тиімді шарттармен жылжымайтын мүлік сатып алуға мүмкіндік береді.
Биылдан бері алғашқы баспанасын сатып алған қазақстандықтар саны мынадай:
Ғалымдардан – 191 адам. Оларға несие жылдық 5% мөлшерлемемен беріліп, бастапқы жарна 10% болды.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған 4 935 адам баспаналы болды. Несие мөлшерлемесі 2% немесе 5%, бастапқы жарна 10% болып белгіленген.
«Наурыз» және «Наурыз жумыскер» бағдарламалары бойынша 7 038 қазақстандық үйлі болды. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға несие мөлшерлемесі 7%, қалғандарына – 9%. Айта кетерлігі, бұл бағдарлама арқылы үй мәселесін негізінен 35 жасқа дейінгі жастар шеше алды – берілген несиелердің шамамен 60%-ы оларға тиесілі.
Облыстардағы 4 656 тұрғын өңірлік бағдарламалар аясында жаңа баспанасына ие болды. Бұл бағдарламалар әкімдіктермен бірлесе жүзеге асырылады, сондықтан шарттары әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушылары бағдарламалардан тыс.
-Биылдан бері Отбасы банкінің қолдауымен 60 мың қазақстандық отбасы өз баспанасына ие болды. Олар жалпы 1,250 трлн теңге несие алды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жаңа тұрғын үйге қоныс аударғандар саны 15%-ға, берілген несиелер көлемі 37%-ға өскен. Біз үшін ерекше маңыздысы – биыл әрбір үшінші Отбасы банк клиенті алғаш рет өз пәтерінің есігін ашты. Бұл дегеніміз банк шынымен де адамдарға өміріндегі ең басты мәселелердің бірі – өз үйін сатып алу мәселесін шешуге көмектесіп отырғанын көрсетеді, – деді Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Қазіргі таңда Отбасы банкінде 3 195 535 қазақстандық өз баспанасына жинақ жасауда. Күн сайын шамамен 2 500 жаңа депозит ашылып, 200-дей несие беріледі. Банктің қолдауымен биылдың соңына дейін тағы 7 000–10 000 қазақстандық алғашқы баспанасын сатып ала алады деп күтілуде.
2025 жылғы ЖСС жүйесінің негізгі көрсеткіштері:
694 094 жаңа депозит ашылды;
Ұзақ мерзімді теңгедегі салымдардағы банк үлесі – 32%;
60 мың отбасы қолжетімді несие алды;
Елдегі ипотекалық портфельдегі банк үлесі – 51% (01.09.2025 мәліметі бойынша);
Проблемалық несиелер деңгейі (NPL 90+) – тек 0,12%, нарықтағы орташа көрсеткіш – 3,51%.
Қазіргі таңда Отбасы банк Әскери баспана бағдарламасының жаңа шарттарын Қорғаныс министрлігі және басқа да ведомстволармен талқылап жатыр. Бағдарламаға әскери қызметкерлер, Қауіпсіздік қызметі, ІІМ, ТЖК, мемлекеттік күзет қызметі, әскери прокуратура және тағы басқа қызметкерлер қатыса алады.
Отбасы банк «Әскери баспана» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталатыны және «Наурыз» бағдарламасына қосымша қабылдау туралы қосымша хабарлайды.