2025 жылы Tesla электромобильдер сатылымында қытайлық BYD-ден артта қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Америкадағы Tesla электромобильдер өндірушісі 2025 жылы оның әлемдік жеткізілімдері жылдық есеп бойынша 8,6 пайызға төмендегенін хабарлады. Бұл Tesla-ның қытайлық BYD автокомпаниясына әлемдік сатылымдар бойынша бірінші рет орын беруі, деп хабарлайды Синьхуа.

2025 жылы Tesla электромобильдер сатылымында BYD-ден артта қалды
Фото: Синьхуа

Компания мәліметтері бойынша, 2025 жылы Tesla 1,655 миллион электромобиль шығарған және 1,636 миллион жеткізген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш, онда 1,773 миллион шығарылып, 1,789 миллион жеткізілген болатын.

Сатылымдарға әсіресе 2025 жылдың қыркүйегінде АҚШ-та электромобильдерді сатып алуды ынталандырған салық жеңілдіктерінің жойылуы айтарлықтай әсер етті.

2025 жылдың төртінші тоқсанында Tesla 434 358 автомобиль шығарды және 418 227 жеткізді, бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда төмен көрсеткіш — 2024 жылы 459 445 шығарылған және 495 570 сатылған еді. Төртінші тоқсандағы жеткізілімдер жылдық есеп бойынша шамамен 16 пайызға төмендеді.

Ал бейсенбіде BYD компаниясы 2025 жылы 2,257 миллион электромобиль сатылғанын хабарлады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,86 пайызға көп. Сонымен қатар, компанияның сатылымы Қытайдан тыс нарықтарға да кеңейіп, Азия, Еуропа және Латын Америкасындағы нарықтардан түскен табыс өскен.

Қазіргі уақытта Tesla АҚШ-тағы электромобильдер нарығының 45 пайызын алып отырған ең ірі өндіруші болып қала береді. Алайда компанияның сатылымы төмендеуі американдық электромобиль нарығындағы жалпы баяулау үрдісін көрсетеді.

Cox Automotive зерттеу компаниясының мәліметі бойынша, 2025 жылдың қарашасында АҚШ-та барлық марка бойынша электромобильдердің сатылымы жылдық есеп бойынша 40 пайыздан астамға төмендеген.

Сала сарапшылары 2026 жылы АҚШ-та электромобильдер сатылымының әлі де төмен деңгейде қалатынын болжап отыр.

Осыдан бұрын қытай мен неміс электрлі көліктері Tesla-ны Еуропа нарығынан ығыстырып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар