2026 жылы Астанада тағы 12 мектеп салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада шамадан тыс толы мектептер мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді, биыл 9 мектеп пайдалануға берілді. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек айтып берді.
– Өткен оқу жылында рекордтық мөлшерде мектеп салынды және пайдалануға берілді. Бұл – 66 мың оқушы орнына арналған 24 білім беру ұйымы. Осы 24 мектептің 16-сы Мемлекет басшысының «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Жаңа оқу жылының басынан бастап тағы 9 мектеп есігін ашты, - деді Ж. Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сонымен бірге, 2026 жылға 16 мың оқушы орнына есептелген тағы 12 мектептің құрылысы жоспарланған.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жаңа балабақшалар ашылуда, оның ішінде қарқынды дамып келе жатқан аудандар қамтылған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, қосымша білім беру нысандары да салынып жатыр. Мысалы, Қ. Мұхамедханов көшесінде орналасқан, 750 орынға арналған TANYM жаңа оқушылар сарайы ашылуға дайын. Сондай-ақ келесі жылы TANYM Art және TANYM Sport атты тағы екі оқушылар сарайы ашылады, - деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, қараша айында елордадағы халық саны 1,6 миллион адамнан асқан.
Бұған дейін Жеңіс Қасымбек елорда жолдарындағы кептелісті азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты.