2026 жылы Қонаевта 4 жаңа қазандық іске қосылады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Қонаев қаласында жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр.

 Ержан Шоқан
Фото: Қонаев әкімдігі

«Жылу Орталығы» мекемесінің директоры Ержан Шоқанның айтуынша, биыл қалада жылу желілерінің 2,6 шақырымы жөнделеді. Қазіргі дейін 1,5 шақырымында жұмыстар аяқталған.

- 26 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында қалада ыстық су өшіріледі. Бұл шара жөнделген аумақтарды тексеру үшін жасалады. 20 күн ішінде жұмыстарды аяқтауға тырысамыз. Осы уақыт аралығында қазандықтар мен оның жабдықтары да ағымдағы жөндеуден өтпек. Аталған шаралар 2025-2026 жылғы жылыту маусымын үзіліссіз өткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде жоспарланған жұмыстың 72%-ы орындалды, - деді Ержан Шоқан.

Қонаев
Фото: Қонаев әкімдігі

Қонаев әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылы жаңа 4 қазандықты іске қосу жоспарланған. Бүгінгі күні орталықтандырылған жылыту жүйесіне 32 мыңнан астам абонент қосылған. Оның ішінде 29 мыңы - көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттар болса, қалғаны жеке сектор. Жылу орталығында 10 қазандық орналасқан.

- Үйлері қатты отынмен (көмір) жылытылатын тұрғындардың назарына: Сейфуллин көшесінде көмір тұйығы жұмыс істеп тұр. Онда қаражыра көмірі сатылады, бағасы - тоннасына 21-22 мың теңге, - деп хабарлады әкімдіктен.

көмір
Фото: Қонаев әкімдігі

 

Еске салайық, бұған дейін Ұлытау және Ақтөбе облыстарында жылыту маусымына дайындық барысы тексерілетінін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар