2026 жылы Өзбекстан ішкі жалпы өнім көлемін 150 млрд доллардан асыруға ниетті
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл 9 айда Өзбекстанның ішкі жалпы өнім көлемі 7,6 пайызға өсті. Бұл туралы президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
 
                                              Өзбекстан басшысы атап өткендей, қаңтар-қыркүйек аралығындағы экономикалық ілгерілеу болжамды көрсеткіштен асып түсті. Атап айтқанда, өнеркәсіп - 6,8%, құрылыс - 14,2%, қызмет көрсету саласы – 14% және ауыл шаруашылығы 4,1%-ға өсті.
- Ең бастысы – бұл өсім бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын көтеруге қызмет етеді, - деп мәлім етті Шавкат Мирзиёев.

Ол жыл соңына дейін ішкі жалпы өнім көлемін 135 млрд доллардан асыру міндеті тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар кеңесте 2026 жылға қойылған жоспарлар қаралды.
Атап айтқанда, көршілес ел келер жылы ішкі жалпы өнімнің өсімін 6,6% деңгейінде қамтамасыз етіп, оның көлемін 150 млрд доллардан асыруға ниетті. Сондай-ақ, Шавкат Мирзиёев жауапты ведомство басшыларына инфляцияны 7% шамасында ұстап тұруға бағытталған шараларды қабылдауды тапсырды.
Қоса кетсек, жыл басынан бері Өзбекстан алтын экспортын 70%-ға арттырды. Мұнымен бірге биыл 9 айда ресми Ташкент Астанадан 2,4 млрд доллардың тауарын импорттады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанның сыртқы қарызы 72 млрд доллардан асты. Сондай-ақ, көршілес ел үкіметі 2030 жылға дейін кедейлік деңгейін екі есе азайтуға ниетті.