2026 жылы Ұлан-Батырда метро құрылысы басталады

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында метро құрылысы қала орталығы үшін көлік инфрақұрылымын қамтамасыз етеді. Құрылыстың басталуы 2026 жылға жоспарланған, деп жазады Монцамэ.

Меморандум о строительстве метро подписан в Душанбе
Фото: avesta.tj

Ұлан-Батыр қаласы әкімдігінің мәліметінше, жобаны ең қарбалас Энхтайван даңғылы бойымен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның техникалық-экономикалық негіздемесі мен концепциясын әзірлеу жұмыстары аяқталған. Қоршаған ортаға және әлеуметтік салаға әсерін бағалау (ESIA) «Иножен» корей компаниясы мен «Эко Натур» моңғол компаниясы тарапынан бірлесіп жүргізіліп жатыр. Оның жұмысы желтоқсан айында аяқталады деп күтіледі..

Ұлан-Батырда күн сайын батыс пен шығыс арасында орта есеппен 347 мың көлік қозғалады. Ең қарбалас уақытта жол жүру уақыты орташа есеппен 3-4 сағатты құрайды. Бұл үлкен экономикалық шығындарға, оның ішінде жұмысқа кешігу, отын шығыны және қоғамдық наразылықтарға әкеледі.

Қала әкімі Хишгээгийн Нямбаатар метро құрылысы жобасы үшін іріктеу процесінің халықаралық деңгейде жарияланғанын атап өтті.

— Қорытынды іріктеу 15 желтоқсанға жоспарланған, алғашқы ұсыныстарды тапсырған 27 заңды тұлға арасынан таңдау жасалады. Бұл ірі жоба халықаралық стандарттарға сай жоспарланып отыр, ал оның бюджеті ұлғайып келеді. Келесі аптада Ұлан-Батырда трамвай құрылысы жобасының төртінші кезеңі басталады, — деп қосты әкім.

Метроның пайдалануға берілуі қала экологиясына оң әсер етіп, ауа сапасын жақсартып, халықтың денсаулығын қорғауға ықпал етеді.

Метро станцияларының маңында сауда-сервистік орталықтар салынады. Бұл қала экономикасына тиімділік әкеліп, тұрғындарға метро арқылы 15 минутта жетуді қамтамасыз етеді, бұл автобустармен жүруге жұмсалатын 45 минутты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шағын және орта бизнеске, станцияға жақын орналасқан кәсіпорындарға қолдау көрсетеді.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, әр станцияда орта есеппен 10 шағын және орта бизнес өкілі пайда көреді, ал жалпы алғанда бүкіл станция бойынша 150-200 шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейді. Сондай-ақ, метро станцияларына жақын инфрақұрылымды дамыту шаралары шамамен 150 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын Моңғолия алғаш рет ЮНЕСКО Әлемдік мұра комитетіне сайланғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар