2030 жылға дейін көмір генерациясы қалай өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітілді. Құжатқа Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, өсіп келе жатқан электр энергиясы сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Президент тапсырмасына сәйкес әзірленген ұлттық жоба аясында 2030 жылға дейін энергетика саласында ауқымды жаңғырту жүргізіледі. Соңғы жылдары өнеркәсіп, IT секторы мен деректер орталықтарының көбеюіне байланысты электр энергиясын тұтыну айтарлықтай артқан. Осыған байланысты жаңа қуат көздерін іске қосу қажеттілігі туындады.
Ұлттық жобаға сәйкес жалпы көлемі 7,8 ГВт болатын жаңа және жаңартылған қуат көздері енгізіледі. Сегіз жаңа электр энергиясы нысанын салу жоспарланып отыр. Ірі жобалар Екібастұз, Курчатов және Жезқазған қалаларында жүзеге асады. Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскеменде заманауи жылу электр орталықтары бой көтереді. Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған 11 электр стансасын терең жаңғырту көзделген.
Жобаларды іске асыру бюджеттен тыс қаражат есебінен жүргізіледі. Инвестициялардың жалпы көлемі 7,5 трлн теңгеден асады. Қаржыландыру жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылады.
Экологиялық талаптарға ерекше назар аударылады. Жаңа стансалар «таза көмір» технологиялары бойынша жұмыс істейді. Яғни, заманауи сүзгілер мен тазарту жүйелері орнатылып, зиянды қалдық көлемі азайтылады. Бұл халықаралық экологиялық стандарттарға сай тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Ұлттық жоба аясында шамамен 4,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Энергетика саласының қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары, оның ішінде жеңілдетілген ипотека бағдарламалары қарастырылған.
Сонымен қатар жоба көлік және өндіруші салалармен қатар жүзеге асырылады. Көмірге сұраныстың артуына байланысты вагон паркі ұлғайып, теміржол инфрақұрылымы жаңғыртылады.
Мамандардың пікірінше, бұл бастама Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, отандық машина жасау саласының дамуына жаңа серпін береді.
Айта кетейік, елімізде энергетика саласында 4 мыңға жуық маман тапшы.