21 қарашада еліміздегі қай жолдарда қозғалыс шектелді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет ұсынды.
Ұлттық компанияның мәліметінше, 2025 жылғы 21 қараша сағат 07:00-де республикалық маңызы бар «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» 1680-1912-шақырым аралығындағы (Үшінші Интернационал ауылы – Бәйгеқұм ауылы) учаскесінде барлық көлік түрі үшін қозғалыс ашылады.
Алайда кейбір өңірлерде шектеулер бар.
21 қараша сағат 08:30-да Ақмола облысында күннің бұзылуына (температураның төмендеуі, көктайғақ) байланысты республикалық маңызы бар KАZ02 «Астана – Көкшетау (айналма жол) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті) 19-231 ( Астана қ. – Щучинск қ.) учаскесінде барлық көлік түрі үшін жылдамдық 140 шақ/сағ-тан 110 шақ/сағ-қа дейін төмендетілді.
Солтүстік Қазақстан облысындағы жолда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуіне байланысты барлық көліктердің қозғалысы шектелді. Бұған дейін толассыз жауын-шашын және ауыр жүк көліктерінің көп жүруі салдарынан KZ15-08 «Тимирязево – Сарыкөл – облыс шекарасы» автожолының 0-30-шақырымында (Қостанай облысы шекарасы – Тимирязево ауылы) жол ойылып кеткен.
Сонымен қатар 5 қарашадан бастап тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады. Бұл шара таулы жерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданып, қыс маусымы аяқталғанға дейін күшінде болады.
Ауа райы
21 қарашада Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының кей жерінде қар аралас жаңбыр мен қар жауады.
– Сол себепті жүргізушілерге жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескерулеріңізді сұраймыз, - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін ҚазАвтоЖол төрт облыстың жолдарында туындауы мүмкін қауіп туралы ескерткенін жазған едік.