24/7 байланыста: ауылдағы учаскелік инспектордың бір күні қалай өтеді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы Алға ауданы Маржанбұлақ ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Ілияс Отаралин 5 мыңнан астам тұрғыны бар ауылмен қатар екі шағын елді мекенге жауапты. Көмекшісі екеуі тұрғындармен үнемі байланыста отырады. Ауылда да мопед, мотоциклге қатысты құқық бұзушылық, интернет-алаяқтық мәселелері бар. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, әр мекеме мен дүкенге өзі туралы ақпараттық хабарламаны іліп қойған.

24/7 байланыста: ауылдағы учаскелік инспектордың бір күні
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қаладан ауылға

Ілияс Отаралиннің ішкі істер органдарында жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдан асты. Әуеліде қаладағы жол-патрульдік полициясы қызметінде еңбек етті. Кейін кезекші бөлімде 5 жыл жұмыс істеді. Ал 2023 жылы Алға ауданы Маржанбұлақ ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы қызметіне кірісті.

24/7 байланыста: ауылдағы учаскелік инспектордың бір күні
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Маржанбұлақ ауылында 1 200-ден астам үй бар. Халық саны 5 мыңнан асады. Екі мектеп, екі балабақша, мәдениет үйі, амбулатория сияқты әлеуметтік нысандардың бәрі жұмыс істеп тұр. Мұнда Ақтөбенің аудан, ауылынан ғана емес, Атырау, Орал, Қызылорда облыстарынан көшіп келетіндер көп. Себебі ауыл облыс орталығына жақын орналасқан. Тұрғындардың 80%-ға жуығы сол қалада еңбек етеді. Маржанбұлақ ауылдық округіне бір учаскелік инспектор мен көмекші қарастырылған. Екеуіміз Маржанбұлақпен қатар Қайыңдысай және Қарағансай ауылдарына жауаптымыз. Таңертең Алға аудандық полициясы бөлімінің кезекші бөліміне ауылдың жағдайын баяндап, тапсырма аламыз. Арыз-шағым бойынша жұмыс жүргіземіз. Ауыл болған соң аулаға мал кірді, көшеде ит жүр деп шағым түсіреді. Ауыл жайлы, мұнда ауыр, аса ауыр қылмыс тіркелмеді, — деді Маржанбұлақ ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Ілияс Отаралин.

24/7 байланыста: ауылдағы учаскелік инспектордың бір күні
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Учаскелік полиция инспекторы ауылға көшіп келген отбасымен танысады, өзін де таныстырады. Барлық дүкенге, әлеуметтік нысандарға өзінің байланыс нөмірі жазылған парақшаларды да іліп қойған. Әрі тұрғындармен бірге ортақ чатта отырады. Мұндайда тұрғындар кез келген бұзушылықты, заңсыздықты фото, видеоға түсіріп, шара қабылдауын сұрайды. Полиция қызметкері кері байланысқа шығып, атқарылған жұмыс туралы есебін береді.

Ішкі істер органдарында есепте тұрған оқушы жоқ

Маржанбұлақтағы екі мектепте шамамен 1 200 оқушы білім алады. Соның ішінде № 2 Маржанбұлақ орта мектебінде 400-ден астам оқушы бар, 49 педагог еңбек етеді.

24/7 байланыста: ауылдағы учаскелік инспектордың бір күні
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Учаскелік инспектормен бірге жылдық жұмыс жоспары құрылады. Жоспар аясында қыздармен де, ұлдармен де кездесу өткізіледі. Мұғалімдерге сыбайлас жемқорлық, алаяқтық, интернеттегі алаяқтық тақырыбында түсіндіру жұмысы жүреді. Оқушыларға келер болсақ, инспектор жиналысқа, ата-аналар жиналысына шақырылады. Сонымен бірге бірлескен рейдке шығамыз. Мопед айдап, түнгі сағат 23:00–ден кейін көшеде жүргендер анықталса, ескерту беріледі. Нәтижесінде мектепішілік, ішкі істер органдарында есепте тұрған оқушы жоқ. Кейбір балалар ғана жеке қадағалауға алынған, — деді № 2 Маржанбұлақ орта мектебінің директоры Рита Айтжанова.

Маржанбұлақ ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Ілияс Отаралиннің айтуынша, мектепте тек оқушылармен емес, педагогтермен де кездесу өткізеді. Себебі интернетте алаяқтардың арбауына түсіп қалатындары да бар.

24/7 байланыста: ауылдағы учаскелік инспектордың бір күні
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Мектеп мұғалімдері де алаяқтарға алданып қалып жатады. Банк картасын ешкімге беруге болмайды, танымайтын адамға ақша аудару қауіпті. Ал арнайы код құпия сақталуға тиіс. 1414 нөмірінен келген кодты ешкімге айтпай, жасырын ұстау керек. Өзін полиция, банк қызметкері деп таныстырған бейтаныс үшінші тұлғаға да сенуге болмайды. Ал Telegram, WhatsApp бұзылған кезде алаяқтар барлық нөмірге ақша сұрап, хабарлама жібереді. Мұндайда қосымшаны өшіріп, қайта жүктеп, қосу керек. Ал сізден ақша сұраса хабарласып, нақтысын біліп алған дұрыс, — деді Ілияс Отаралин.

24/7 байланыста: ауылдағы учаскелік инспектордың бір күні
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Жол бойындағы көмек

Самара — Шымкент тасжолы бойында орналасқан ауылға шетелдіктер де, қазақстандықтар да көмек сұрап кіреді. Әсіресе, қыстың бораны мен аязды күнінде жолдар жабылып, аялдайды.

— 2026 жылы 11 наурызда қатты боран болды. Барлық бағытта жол жабылған кезде Қайыңдысай ауылынан шыққан жүкті келіншек жолдасымен бірге жолда қалып қойған. Патрульдік жұмыс кезінде көмек көрсетіп, жүкті әйелді құтқарушыларға табыстадық. Олар әрі қарай Ақтөбе қаласындағы перинаталдық орталыққа апарды. Екі күннен соң қыз бала өмірге келді. Біз барынша адал қызмет етуге тырысамыз. Бұл жұмыстың бір бөлігі ғана, — деді инспектор.

24/7 байланыста: ауылдағы учаскелік инспектордың бір күні
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Сонымен бірге учаскелік инспекторлар жол бойында апаттың алдын алу іс-шарасын өткізеді, әсіресе, заң талаптарын түсіндіреді.

— Қарсы бағытқа шықпау, мас күйінде көлікке отырмау туралы айтамыз. Жолда адам қауіпсіздігі мен өмірі маңызды. Қазіргі кезде ауылда мотоцикл айдағандарға да түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Мотоциклді көбіне жас балалар айдайды. Ол өзіне ғана емес, жаяу жүргіншілерге де қауіпті. Әрі дыбыс тыныштықты бұзады, адамдардың мазасын алады. Егер 18 жасқа толмаған болса, ата-анасына айыппұл салынады. Жүргізуші куәлігі, мемлекеттік тіркеу нөмірі, арнайы қорғаныш бас киімі болмаса жазаланады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590, 593 және 612-баптарын негізге аламыз. Кәмелет жасқа толмаса, жауапкершілік ата-анада. Олар қыруар ақша жұмсап, мотокөлік алып береді. Мұндай бір факті болды. Күні-түні айдады, қырға да шықты, көшеде де жүрді. Мотокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Тәрбиені бірінші үйде ата-анасы беруі керек, — деді учаскелік полиция инспекторы.

24/7 байланыста: ауылдағы учаскелік инспектордың бір күні
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Тағы бір айта кетерлік жайт, республикалық маңызы бар жолға кейде ауыл малы шығып кетеді. Бұл кейде жол-көлік апатына әкеп соғады.

Отбасындағы дау-жанжал

2024 жылы елімізде «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. 2025 жылы Маржанбұлақ ауылында 5 факті тіркелді. Әйеліне қол көтеріп, ұрып-соғу фактісі биыл да анықталды. Екі дерек бойынша шара қабылданды.

— Ұрып-соғу фактісі бойынша есепке алып, қорғау нұсқамасын береміз. Әрдайым қадағалап, түсіндіру жұмысын да жүргіземіз. Сондықтан болар оң динамика бар. Ауыл тұрғындары әр аудан, ауыл, тіпті облыстан көшіп келгенімен арада бірлік бар. Кейде түсініспеушілік те туындайды. Мұндайда әр адамға әртүрлі жолмен байланысқа шығамыз. Әрі еліміздегі заң талаптары мен олардағы өзгерістерді ескертіп отырамыз, — деді Ілияс Отаралин.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбедегі ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп отырған ауыл туралы жазғанбыщ. Бұл ауыл тұрғындары ішімдіктен бас тартқан.