25 жылдық тәжірибесі бар ІТ маманы: Сәуле Ойнарбаева Орталық аурухана жұмысын үйлестіріп отыр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Президент Іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасында біліктілігі жоғары дәрігерлермен қатар бағдарламашылар да жұмыс істейді. Солардың бірі Сәуле Ойнарбаева соңғы 25 жыл бойы Орталық клиникалық аурухананың компьютерлік технология және бағдарламалық қамтамасыз ету бөлімінде еңбек етіп келеді. Бүгінде ол басшылық лауазымда. Кейіпкеріміздің мамандығы – инженер. Ал бүгінде елімізде техникалық мамандық басымдық саналатындығы белгілі. Осыған орай Сәуле Ойнарбаева ҚазАқпарат тілшісінің бұл мамандықты неліктен таңдағанына, оның ерекшеліктеріне қатысты сауалдарына жауап берді.

- Сәуле Аймағамбетқызы, еңбек жолыңыздың қалай басталғаны, Орталық клиникалық ауруханаға қалай тап болғаныңыз жайлы айтып берсеңіз...

- Бұл ауруханаға дейін Қаржы министрлігінің Бас есептеу орталығында инженер-бағдарламашы болып жұмыс істеген едім. 1998 жылдың басында Қаржы министрлігі Астанаға қоныс аударып, отбасылық жағдайыма байланысты көше алмадым. Сондықтан жұмыстан шығуыма тура келді. Содан кейін Орталық клиникалық ауруханаға жұмысқа тұрдым. Жұмысқа орналасуым әкемнің арқасы. Ата-анам Орталық клинкалық ауруханаға тіркелген. Бірде әкем стационарда ем алып, аурухананың есептеу орталығы (кезінде бөлімше солай аталған) бар екенін біліпті. Ол маған мән-жайды барып білуімді өтінді. Алдымен кадр бөлімімен әңгімелестім. Олар мені бас дәрігерге алып барды. Шағын әңгімелесуден кейін мені жұмысқа қабылдады. Бастапқыда еңбекақыны сүйемелдеу модулі бойынша бағдарламашы болып еңбек еттім. Кейіннен медицина бойынша модуль қосылды. Екі жылдан кейін мені бөлім (сол уақытта бұл лауазым Есептеу орталығының бас инженері деп аталатын) бастығы лауазымына тағайындады.


- Жұмысыңыздың түпкілікті мәні неде? Неліктен осы мамандықты таңдадыңыз?

- Дипломдағы мамандығым бойынша автоматтандыру инженерімін. Бұл мамандықты бала кезімнен математиканы жақсы көргендіктен таңдадым. Мектеп партасында-ақ математикамен барынша жан-жақты айналысқан едім. Және де болашақ мамандығымды математикамен немесе оның қолданбалы пәндерімен байланыстырғым келді. Өйткені, ол уақытта ІТ-технология сынды түсінік жоқ еді. Мектеп бітірген кезімде анам менің «Нархоз-да» (бұрынғы Алматы халық шаруашылығы институты) оқып, қаржыгер болғанымды қалады. Бірақ, әкем мені политехникалық институтқа алып барды. Жалпы, әкемнің мамандығы – тау-кен инженері. Ол жерде баннерден «Автоматтандыру» мамандығы жайлы ақпаратты оқып, осы «менің мамандығым» деп шешім қабылдадым. Содан соң оқуға түсу емтиханын сәтті тапсырып, институтқа қабылдандым.

Жұмысыма келер болсам, міндетіме ақпараттық жүйелерді әзірлеу, енгізу және сүйемелдеу, локальді желі мен есептеу техникалары паркін әзірлеу әрі техникалық қызмет көрсету, бүкіл аурухананың үздіксіз жұмысын (шамамен 700 компьютер мен 9 сервер) қамтамасыз ету кіреді. Серверлік, компьютерлік және желілік жабдықтарды жоспарлау және сатып алу, зерттеулер жүргізу техникалық тапсырмалар дайындау, жобаларға басшылық жасау, цифрландыру саласында аурухананы дамытудың жалпы стратегиясын әзірлеу және жүзеге асыру да міндетіме кіреді.

- Бұған дейін Мемлекет басшысы қазіргі уақытта инженер болу мәртебелі екенін айтқан болатын. Осы жайында ойыңыз қандай және сіз үшін инженер болу нені білдіреді?

- Қазіргі уақытта инженер мамандығы заманауи еңбек нарығында, әсіресе ІТ-технологиялар саласында зор сұранысқа ие болып отыр. Жаңа технологиялар, әзірлемелер қарқынды өсіп келеді және қазірден бастап жоғары оқу орындарында теориялық білім мен тәжірибелік дағдыны молынан меңгеру қажет деп санаймын. Бүгінгі ІТ-инженер дегеніміз не? Бұл ақпараттық жүйелердің сәулетін әзірлеу, олардың интерфейстерін жобалау, деректер базасын әкімшілендіру, дизайн, бағдарлама жасау, робототехника және жаңа бағыт – жасанды интеллектімен платформа жасау бойынша жұмыс. Таяуда бір мақаладан жасанды интеллекті кейбір мамандықтарды алмастыра алады деп оқыдым. Бірақ, инженерді ешкім алмастыра алмайды. Өйткені, олар жасанды интеллекті жасаушылар саналады. Және де мен мұнымен келісемін.

- Бұл мамандықтың ерекшелігін, басымдығын атап берсеңіз...

- Қазіргі заманғы ІТ-инженер – бұл қандай да бір нақты салаға (мәселен, инженер-электрик немесе тау-кен инженері) мамандану емес. Бұл – ІТ-инженерияның бірнеше саласындағы білім мен шеберлік жиынтығы. Бұл ІТ саласындағы бірнеше мамандық жиынтығы: бағдарлама жасау, әкімшілеу, веб-дизайн, ақпараттық қауіпсіздік. Аздаған қайта дайындықтан өтіп, осынау аралас мамандықты игеріп алуға болады. Бұған қоса жүйелі ойлау да қалыптасады. Әрине, одан кейін қашықтан – онлайн жұмыс істеу мүмкіндігі болады.


- Инженер қандай қасиетке ие болуы тиіс?

- Ең алдымен инженер кез келген өзге мамандар сияқты өз саласында теориялық тұрғыдан ысылған болуы, математика мен информатиканы жақсы білуі тиіс. Сараптама жасай алуы, логикалық ойлай білуі қажет. Шыдамды да болуы керек. Содан кейін ағылшын білін білгені де жөн. Өйткені, пайдалы әдебиеттердің бәрі ағылшын тілінде жарияланады.

- Жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Жас мамандарға ең алдымен оқуға кеңес беремін. Бакалавр деңгейінде қалып қоюға болмайды. Меніңше, бүгінде жоғары оқу орнында білім алу ғана жеткіліксіз. Бірден өз бағытыңды айқындап алып, сол бойынша ілгерілеуге тырысу қажет. Бұған қоса, спортты да қаперден шығарып алмау, барлық уақытта компьютер алдында отыра бермей, дене шынықтырумен де үнемі айналысу керек.


Сондай-ақ жалақыға қарамастан мамандығы бойынша жұмыс істеуге кеңес берер едім. Қазіргі уақытта кез келген ұйымға (мемлекеттік және жекеменшік) ІТ-мамандары қажет. Ең төмен жақтан-ақ (компьютерді жөндеу және баптау, бағдарлама орнату және т.б.) бастауға болады. Егер компанияда проблемалық мәселелерді шешуге көмектесетін жақсы тәлімгер болса, тіпті керемет. Бірақ, өндірістік проблемаларды өзің шешуге тырысқан жөн. Сол арқылы ІТ-инженерия саласында жаңа білім аласың. Үнемі әйтеуір бір жаңа дүниені зерделеуге тура келетіндігіне дайын болған жөн. Себебі, ІТ-инженерия – бұл тұрақты процесс.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар