27 қарашада елдің қай өңірлерінде жол жабылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады.

27 қарашада елдің қай өңірлерінде жол жабылды
Фото: Pixabay.com

Ұлттық компанияның мәліметінше, жолдарда жаңа шектеулер енгізілмеген, үш облыста бұрын белгіленген қозғалыс шектеулері әлі де күшінде.

Павлодар облысы

«Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолында (Қалқаман елді мекеніне кіреберіс пен Астанаға шығатын бағыт) көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді.

Қалқаман елді мекенінен Астанаға қозғалыс Береке «Қалқаман – Ақсу» көлік айрығы арқылы (ұзақтығы 6 шақырым) және Павлодар қаласынан Қалқаман елді мекеніне қозғалыс «Баянауыл» көлік айрығы арқылы жүзеге асырылады.

Солтүстік Қазақстан облысы

«Тимирязево – Сарыкөл – облыс шекарасы» автожолының 0-30-шақырымында (Қостанай облысы шекарасы – Тимирязево ауылы) көліктің барлық түрі үшін шектеу бар.

Шығыс Қазақстан облысы

Тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады.

Еске салайық, бұған дейін «Қазгидромет» РМК 27 қараша күнгі ауа райы болжамын жариялаған еді. Елдің кей өңірінде бұрқасын соғып, көктайғақ болса, енді бір өңірлерде тұман түседі.

Соңғы жаңалықтар