27 қазанда Қызылорда «Мен және менің полицейім» акциясы басталады

Бұл туралы ОІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Акцияның мақсаты - балаларды, олар арқылы ересектерді полицияның жұмысымен таныстыру, сондай-ақ оларды қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениетіне баулу, жол ережелерін үйренуге шақыру болып табылады.
Шара барысында оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында департамент мұражайына, қала тынысымен бейнебақылау камералары арқылы танысу үшін Жедел басқару орталығына экскурсиялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Собр» жедел қимылдайтын жасақ қызметкерлерінің, кинолог мамандар мен иісшіл иттердің жұмысы көрсетілмек. Сонымен қатар, жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің қызметтік автокөліктерімен және «ГАЗель» автокөлігінде орналасқан жылжымалы криминалистикалық зертхананың жұмысымен таныстыру жоспарланып отыр.
Акция барысында бала тәрбиесіне мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп, білім беру ұйымдарында, мектепке дейінгі мекемелердің жоғары топ тәрбиеленушілері үшін «Полиция - дос және қорғаушы» тақырыбында әңгімелесулер, дәрістер және тақырыптық ойындар өткізіледі.