19:14, 20 Наурыз 2013 | GMT +5
28 ақтөбелік мемлекеттік қызметкер түрлі құқық бұзушылық әрекеттері үшін жұмыстан қуылды
АҚТӨБЕ. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық әкімдігінде аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі өңірлік комиссияның және құқық тәртібін бұзушылық жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бірлескен отырысы өтті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің облыстық басқарма бастығы Нұрлан Сүйінбаев мәлім еткендей, 2012 жылы екі мемлекеттік қызметкер қызметінен төмендетілді, 23 шенеунік қызметіне лайық емес деп танылды, сондай-ақ 28-і жұмыстан қуылды.
Барлық аудандарда мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелді. Бұл тізімде Хромтау мен Мәртөк аудандары көш бастап тұр.
Тәртіптік кеңестің отырыстарында қаралған 150 тәртіптік істердің 52-сі сыбайлас жемқорлық қылмысқа және 98 факті мемлекеттік қызметкердің ар-намыс кодексін бұзушылыққа жатады.