3 шақырымға 960 млн теңге: Ақтөбеде былтыр басталған жол құрылысы биыл тоқтап қалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жол салу, жарықтандыру, суағар жүйесінің құрылысы толық тоқтап тұр. Қалалық әкімдік мердігерге ескерту берді.

Ақтөбе қаласындағы Абай көшесі мен Едіге батыр даңғылына шығар жолының құрылысы 2024 жылы басталды. Жоба құны - 959 983 636 теңге. Былтыр асфальттің негізін сала бастағанымен, биыл мұнда жұмысшылар келмеген. Ауыспалы жоба қазір жарты жолда тұқтап тұр. Абай көшесімен қиылысатын тағы үш көшеге де жөндеу жартылай жасалуы тиіс.

- Мен Дәулет көшесінің тұрғынымын. Былтыр Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігінде, Ақтөбе қалалық әкімдігінде болдым, облыс әкімдігіне хат та жаздық. Бізге жауап та келді. «Бұрынғыдай біртіндеп емес, 5-6 көше қосылады» деді. Содан кейін хабар жоқ. Былтыр қырып, тазартып тұратын еді. Биыл ол да жоқ. Тап қазір асфальттайды деп айта алмаймын. Ең болмаса мектепке баратын, аялдамаға шығатын жол керек, балаларға обал. Көшеде артық бағана көп, соны алып тастаса екен. Сосын аялдамада да саламыз деген. Бір жағында бар, бір жағында жоқ. Қаладан ескісін әкеліп қойса екен, - деді ауыл тұрғыны Сейілхан Төлебаев.
Ауыл тұрғындары депутатты, Ақтөбе қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысын шақырып, сұрақ қойды.

- «Компания Жерұйық-Консалтинг» ЖШС Абай көшесін толық және үш көшені ішінара қамтитын құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуі керек еді. Қазір жұмыс баяу жүруіне, тіпті тоқтап қалуына байланысты ескертпе хат жолдадық. Егер сол мерзімде қызметін аяқтамаса, сотқа беріп, шартты бұзамыз. Жол құрылысымен қатар жарықтандыру, суағары бар, - деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Әліби Аманшиев.
2024 жылы басталған құрылыс-монтаж жұмысы 2025 жылдың 31 тамызы күні аяқталуы тиіс. Алайда мердігер бұл уақытта аяқтай алмайды. Қазір жұмыстың алғашқы сатысы ғана атқарылған. Ақтөбе қалалық әкімдігі 3 шақырымнан сәл асатын жобаға бюджеттен 960 млн теңгеге жуық қаржы бөліп қойған.
Айта кетейік, биыл облыста аудандық, облыстық маңызы бар жолдарға 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 400 шақырым жол жөнделіп, салынып жатыр.