3 жылда қазақстандықтар 4 мың қаруды өз еркімен өткізген
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Елімізде заңсыз қаруды құқық қорғау органдарына өткізуге мүмкіндік беретін акция өтіп жатыр.

Алматы қаласында және Алматы облысында өткен күндері қару қолданылған бірнеше қылмыс тіркелді. 9 мамыр күні Алматы облысының Талғар ауданында атыс болды. Жанжалдан кейін 4 адам ауруханаға жатқызылған.
10 күннен кейін Алматы мейрамханаларының бірінде атыс болды. Күдікті тапаншамен өз танысының аяғын жарақаттады.
Өңірдегі жағдайға байланысты Kazinform агенттігі Ішкі істер министрлігіне сауал жолдап, заңсыз айналымдағы қаруды тәркілеу, атыс қаруы қолданылатын қылмыстың алдын алу мақсатында қандай шаралар қолданылып жатқанын сұрады.
Ведомство жауабына сәйкес, биыл 21 сәуірден бастап елімізде «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция өтіп жатыр.
— Мұндай акция көп жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Осындай акциялар аясында тек 2022-25 жылдар аралығында ел азаматтары полиция органдарына өз еркімен 4 мыңнан астам атыс қаруын өткізген. Бұл іс-шара қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған, — деп хабарлады министрліктен.
Ал Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін мегаполис тұрғындары 1 650 азаматтық қару тапсырған.
Оның ішінде:
— 2022 жылы — 362;
— 2023 жылы — 238;
— 2024 жылы — 865;
— 2025 жылы — 185.
Ішкі істер министрілігі агенттік сауалына жауап бер отырып, жыл сайын өткізілетін қару-жарақ заттарын сатып алу акциясы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан жалғыз шара емес екенін мәлімдеді.
— Тұрақты түрде аймақтық және республикалық «Қару», «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі, олардың аясында заңсыз айналымнан қару мен оқ-дәрілер алынады. Қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстардың жыл сайын азайғанын көрсетті. Мәселен, кейінгі 5 жылда аталған санаттағы қылмыстардың саны екі есеге қысқарды. 2020 жылғы 221-ден 2024 жылы 118-ге дейін азайған. Ал осы жылы есепті кезеңде мұндай қылмыс 30%-ға азайған, — делінген ведомство жауабында.
Ішкі істер министрлігі қару алып жүруге құқығы бар азаматтар санатын атады:
— «Жекеленген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» заңның 15-бабына сәйкес 18 жасқа толған Қазақстан Республикасы азаматтары тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарынан нақты қару түрін иемденіп алуға рұқсат алғаннан кейін азаматтық қару иемденіп алуға құқығы бар.
— Қазақстан Республикасының 16 жасқа толған азаматы спорттық мақсатта лақтырылатын қаруды (садақтар мен арбалеттерді) иемденіп алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға құқылы.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары Қылмыстық кодексінің 287-бабында қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүргені үшін жауапкершілік қаралса, қаруды заңсыз жасағандар осы кодекстің 288-бабы бойынша жауапқа тартылатынын ескертті.
Жалпы министрлік мәліметінше, бүгінгі күні елімізде азаматтық және қызметтік қару саудасымен айналысатын мамандандырылған 83 дүкен бар. Алматы қаласы аумағында 15 аңшылық дүкені жұмыс істейді. Ал Алматы облысының аумағында 5 лицензияланған қару-жарақ дүкені бар. Бірақ олардың біреуі ғана жұмыс істеп тұр.
Еске салайық, жыл басында Алматыда заңсыз қару қолданған 16 жастағы жасөспірім ұсталған.