34 қазақстандық Ираннан Арменияға эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Ираннан Арменияға 34 Қазақстан азаматы эвакуацияланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.
Қазақстанның Армениядағы Елшілігінің қолдауымен Ираннан «Агарак» армян бақылау-өткізу пункті арқылы «Заркух» алтын өндіру кәсіпорнының 34 қызметкері эвакуацияланды. Қазақстан азаматтары автобуспен ұйымдасқан түрде Ереван қаласына жеткізіліп, келгеннен кейін қонақүйге орналастырылды.
Отандастарымыздың Ереваннан Алматыға ұшуы 5 наурызға жоспарланған. Ұшу Мәскеу арқылы транзитпен жүзеге асырылады.

«Заркух» кәсіпорнының IT-бөлімінің жетекшісі Андрей Сухаревтің айтуынша, Ирандағы жағдайдың ушығуына байланысты компания басшылығы эвакуация туралы шешімді дереу қабылдаған.
— Иранда әскери қимылдар басталған сәттен бастап басшылық Қазақстан азаматтарын елге қайтару туралы жедел шешім қабылдады. Тиісті тізімдер Армениядағы Қазақстан Елшілігіне жолданды. Елшілік жергілікті билікпен бірлесіп, Иран–Армения шекарасында «жасыл дәліздің» ұйымдастырылуын қамтамасыз етті. Жағдай тұрақтанып, жұмысымызды жалғастыруға мүмкіндік туады деп үміттенеміз. Елшілік қызметкерлеріне жедел көмегі үшін алғыс білдіреміз, — деді ол.
Бұған дейін Қазақстан Таяу Шығыс елдерінен басқа мемлекеттердің азаматтарын эвакуациялауды ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екені хабарланған болатын.