3,5 мыңға жуық шетелдікке елге кіруге тыйым салынды — ҰҚК
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың басынан бері терроризмге қатысы бар деген күдікпен 3,5 мыңға жуық шетелдікке елге кіруге тыйым салынды. Террористік қызметке қатысы бар 246 шетелдік Қазақстанға кіруге талпынғанымен, жолы кесілді. Бұл туралы ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбатында атап өтті.

— Халықаралық террористік және діни-экстремистік ұйымдар қазақстандықтарды радикалды идеологияға тарту үшін жасап жатқан амалдарын тоқтатар емес. Кейбір азаматтар деструктивті үгіт-насихаттың ықпалына түсіп, терроризм мен діни экстремизм идеологиясына бейім болды. Әдетте бұл шетелдік ықпал саналады, көбі интернет арқылы жүзеге асады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті үшін терроризммен күрес және елде террористік немесе басқа да күш қолдану актілеріне жол бермеу — басым бағыттың бірі.
Мысалы, биыл Ақтөбе, Атырау облысы мен Шымкент қаласында терроризмді насихаттағаны, террористік қызметке адам тартқаны және атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін бірқатар азаматтар сот үкімімен кінәлі деп танылып, түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Олар өз айналасындағы адамдарды шетелде террористер жағында соғыс қимылдарына қатысуға және діни себеппен күш қолдануға үгіттеген. Өздерінің радикалды көзқарастарын интернеттегі экстремистік материалдарды зерттеу арқылы нығайтып отырған, — деді Ермек Сағымбаев.
Осындай қылмыс бойынша биылдың өзінде 59 адам ұсталды және 60-тан астам адам сотталды.
— Шетелдік радикалдар елімізге қалай келіп-кетеді, көші-қон арналары қандай, осыларды іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды. 2025 жылдың басынан бері терроризмге қатысы бар деген күдікпен 3,5 мыңға жуық шетелдікке елге кіруге тыйым салынды. Террористік қызметке қатысы бар 246 шетелдік Қазақстанға кіруге талпынғанымен, жолын кестік. Өз елдерінде терроризм мен діни экстремизм үшін іздеуде жүрген 16 адам ұсталды. Терроризм мен діни экстремизм идеясын қолдайтын 800-ге жуық мигрант анықталып, оларды елден шығару шаралары қабылданды.
Радикалды идеялардың алдын алу кең ауқымды ведомствоаралық үйлестіруді талап етеді. Осыған байланысты уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, терроризм идеологиясына қарсы күрес бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатыр. Терроризм мен экстремизмді насихаттайтын 9 мыңнан астам интернет материалдар анықталып, бұғатталды, — деді ол.
Қазір еліміздің Антитеррористік орталығының үйлестіруімен терроризмге қарсы іс-қимылдың жалпымемлекеттік жүйесі құрылып, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмысы жолға қойылды. Құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жетілдіріле түсті.
— Жыл басынан бері 400-ден астам оқу-жаттығу мен терроризмге қарсы дайындықтар ұйымдастырылған. 95 мыңнан астам стратегиялық нысан қызметкерлеріне теракт болған жағдайда қалай әрекет ету керегі жөнінде тренингтер өткізілді.
Маусым айында Қостанай облысында республикалық «Найза-Антитеррор-2025» оқу-жаттығуының қорытынды кезеңі өтті. Онда терроризмге қарсы күрестегі мемлекеттік органдардың «гибридті» қауіп-қатерлерге қарсы тұруға дайындығы тексерілді.
Бұған қоса комитет ұлттық мүдделерді, конституциялық құрылысты және қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға ерекше көңіл бөліп отыр. Басым бағыттардың бірі — ұлттық экстремизмге, сепаратизмге және азаматтарды шетелдік қарулы қақтығыстарға тартуға қарсы тұру. Қабылданып жатқан шаралар деструктивті әрекеттерге жол бермеуге мүмкіндік беріп жатыр.
Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ұлтаралық араздықты қоздыратын және радикалды көзқарасты ұстанатын тұлғаларды анықтау бойынша жұмыстар атқарылды, — деп атап өтті ҰҚК төрағасы.