4 облыста жеке инвестор есебінен колониялар салынады – ҚР ІІМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның 4 облысында жеке инвестор есебінен жаңа заманауи колониялар салынады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Шынында да, қазір бізде ішкі істер органдары жүйесінде 80 ҚАЖ мекемесі бар. Атап айтқанда 16 тергеу изоляторы мен 64 колонияда 34 мыңнан астам адам отыр. Жасыратыны жоқ, бұл колониялар өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған және олардың көпшілігі тозған. Барақ түрінде салынған түрмелер де бар. Әрине, біз үнемі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, дегенмен стандартты колонияларды, стандартты түрмелерді салатын уақыт келген секілді», - деді Е. Тұрғымбаев Хабар телеарнасындағы «Ұлттық мүдде» бағдарламасында.

Оның айтуынша, жеке инвестор мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында колония аумағында өнеркәсіптік аймақ ашуға да міндеттеледі.

«Біздегі ең үлкен мәселе – колониялардағы контингентті жұмыспен қамту. Барлық кәсіпкер өз өндірісін дамыту үшін колонияға келе бермейді. Олар сотталғандар жұмыс істемейді, жоспарды орындай алмайды, жұмысты атқара алмайды деп қауіптенеді. Сондықтан бұл бағытқа келетін инвестор аз. Негізінен бізде тігін бірлестіктері бар, ағаш өңдейтін шағын цехтар бар, металл бұйымдарымен жұмыс істейтіндер бар, бірақ қазір қалыпты өндірістік базаны жолға қоюға сұраныс туындап отыр. Яғни, ағаш өңдеу зауыты, темірбетон бұйымдары зауытын ашу қажет. Бізде әр колонияда 600-ден 900-ге дейін сотталған адам бар, олар жұмысқа орналасуы керек. Біріншіден, бұл уақытты тиімді пайдалану, екіншіден, ақша табу, үшіншіден, қылмыстық іс-әрекет барысында келтірген зиянды еңбегімен өтеу», - деп түсіндірді Ішкі істер министрі.

Сонымен бірге министр Батыс елдерінде де барлық колония жанынан өнеркәсіп орындары ашылғанын атап өтті.

«Көптеген сотталушы жұмыс істегісі келеді, бірақ өндірістік алаңдар жоқ. Қазіргі уақытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік жолымен Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан облыстарында 4 заманауи колония салу жоспарланған. Оның әрқайсысында 1500 адамға дейін сыяды. Жаңа колониялардың камералық болуы да анағұрлым қауіпсіз болмақ. Колониялар жанынан өнеркәсіп орындары ашылады, яғни сотталушылар таңертең жұмысқа барып, кешке колонияға қайтады», - дейді Е. Тұрғымбаев.


Соңғы жаңалықтар