44 жыл қызмет еткен Ан-26 ұшағы соңғы рет көкке көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы осы типтегі соңғы әскери-тасымал ұшағы — Ан-26 әскери қызметін аяқтады. Ұлттық ұланның авиация құрамында ұзақ жыл пайдаланылған әуе кемесі соңғы рейсін орындады.

44 жыл қызмет еткен Ан-26 ұшағы соңғы рет көкке көтерілді
Фото: ҚР Ішкі істер министрлігі

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Ан-26 ұшағының тарихы 1981 жылдан басталады. Киев авиациялық зауытында шығарылған әуе кемесі алғашқы он жыл ішінде КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Шекара әскерлерінің авиациясы құрамында қызмет атқарған.

Ұшақтың негізгі базасы Қазақ КСР аумағында орналасып, оңтүстік шекараны күзетуге байланысты міндеттерді орындауға, әскери қызметшілер мен жүктерді тасымалдауға пайдаланылған.

1992 жылы Ан-26 Ұлттық ұланның авиациясы құрамына берілді. Содан бері ұшақ әскери қызметшілер мен жүктерді тасымалдап, түрлі қызметтік міндеттерді орындады.

— Ұзақ жылдар бойы пайдаланылған әуе кемесі заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, ИКАО стандарттарына сәйкестендірілген. Бұл Ан-26 ұшағына Қазақстан аумағынан бөлек, жақын шетелдерге де ұшуға мүмкіндік берген, — делінген хабарламада.

Ұлттық ұлан авиациясының құрамында Ан-26 8 400 сағат ұшқан. Ал ұшақтың жалпы қызмет өтілі 44 жылға созылды.

Ұшақтың соңғы рейсі оны ұзақ жыл басқарған экипаж мүшелері үшін ерекше мәнге ие болды. 3656 әскери бөлімінің ұшқышы Медет Сейтов Ан-26 ұшағын 15 жылдан бері басқарып келген. Ол экипаж құрамындағы осы типтегі әуе кемесінің соңғы ұшқыш-нұсқаушысы.

Соңғы рейстен кейін экипаж мүшелері ұзақ жыл бойы бірге қызмет атқарған әуе кемесімен қимай қоштасты.

Осылайша, Ан-26-ның пайдаланудан шығарылуымен Қазақстан әскери авиациясындағы бұл типтегі ұшақтардың 44 жылдық тарихы аяқталды. 8 400 сағат әуеде болған әскери-тасымал ұшағы енді жауынгерлік қызмет атқармайды.