442 мың студент ЖИ базалық дағдыларын меңгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жүздеген мың студентті жасанды интеллект кәсіпкерлігіне оқыту жоспарланып отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында айтты.

442 мың студент ЖИ базалық дағдыларын меңгерді
Фото: Алматы әкімдігі

Оның айтуынша, барлық университет студенттеріне жасанды интеллект сауаты мен меңгеру дағдыларын үйрететін ауқымды, көпдеңгейлі AI-sana бағдарламасы іске қосылды. 

— Бірінші кезеңде барлық студенттер жасанды интеллектінің базалық дағдыларын меңгереді. Шамамен 442 мың сертификат студенттерге табысталды, біз бакалавриат студенттерінің 70%-ын қамтыдық және жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз, — деді Саясат Нұрбек.

Екінші кезең ЖИ дамыту жөніндегі кеңес мүшелерінің қатысуымен әзірленеді. Оның мақсаты — жүздеген мың студентті жасанды интеллект кәсіпкерлігіне оқыту үлгісінің екінші кезеңіне тарту. Бұл бағытта ЖИ қосымша құн жасай алады.

Үшінші және төртінші кезеңдерде — елдегі білім беру жүйесін жетілдіруге мүмкіндік беретін акселерациялық бағдарлама инкубацияланады. Осылайша жыл сайын жүздеген, мыңдаған стартаптар құрылмақ.

— Өңірдегі университеттерде жасанды интеллект бойынша зертханалар мен кафедралардың озық академиялық тәжірибесі алынған 20 арнайы орталық құрылады. Барлық жетекші университеттерге жалпы компьютерлік кластердің есептеу қуатын пайдаланып, өздерінің есептеу инфрақұрылымын дамыту үшін квоталар беріледі. Сонымен бірге, ғылыми институттар мен университеттердің барлық гранттық зерттеулері біздің ұлттық суперкомпьютеріміз — Alem Cloud есептеу қуатын міндетті түрде пайдалануы қажет болады. Бұл міндетті талапқа айналады, — деді Саясат Нұрбек.

Бесінші кезеңде локализацияланған үлкен тілдік модельдерді ұсынылады. 

— Біз ұлттық мемлекеттік тілдің лингвистикалық корпусын жасауды көздеп отырмыз. Қазақ тілінің ұлттық корпусын дамыту үшін деректер жинаумен айналысамыз. Сондықтан KazLM Hugging Face платформасында қолжетімді болды, — деді министр.

Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтіп жатыр.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласына маманданған жаңа зерттеу университетін құруды тапсырған еді. 

Соңғы жаңалықтар