4,5 миллион адам ауаның ластануынан өледі – ДМҰ

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) зерттеуіне сәйкес, миллиардтаған адамдар ластанған ауамен тыныс алады. Бұл жыл сайын 4,5 миллионнан астам адамның уақытынан бұрын өліміне әкеледі. 

4,5 миллион адам ауаның ластануынан өледі – ДМҰ
Фото: ЮНИСЕФ/Ф.Дуйлин

Зерттеу нәтижесінде орман өртінен шыққан түтін бөлшектері алысқа таралып, қоршаған ортаны уландыратыны анықталды.

– Пиреней түбегіндегі рекордтық өрт маусымына байланысты Батыс Еуропада түтін мен ластаушы заттар тіркелді және олар бүкіл Еуропаға таралуы мүмкін, - деді зерттеушілердің бірі.

Зерттеу бүкіл әлемде ауа сапасының нашарлап бара жатқанын көрсетті. 2024 жылы PM 2,5 бөлшектерінің ең жоғары деңгейі Чили, Бразилия, Эквадор, Канада, Орталық Африка және Сібірде тіркелді.

Сонымен бірге, ДМҰ ғалымдары кейбір аймақтарда, әсіресе шығыс Қытай мен Еуропада зиянды қалдықтар азайып жатқанын хабарлады.

– Егер елдер, аймақтар немесе қалалар сапасыз ауамен күресу үшін әрекет жасаса, бұл өз жемісін береді, - дейді ғалымдар.

Мысалы, Қытайдың шығысында, соның ішінде Шанхайда жаңа саябақтар салынып, ағаш отырғызу есебінен ауа сапасы жақсарды. Көліктердің көбеюіне қарамастан, қазір көптеген көліктер электр қуатымен жұмыс істейтіні де айтылды.

Ғалымдардың пікірінше, күкірт диоксиді мен азот оксиді сияқты негізгі ластаушы заттар бақылау шараларының арқасында азайып келеді, бірақ түтіннің негізгі құрамдас бөлігі жердегі озон азаймай отыр.

Еске сала кетейік, Женевада пластикпен қоршаған ортаны ластаумен күрес жөніндегі келіссөздер сәтсіз аяқталды. 

Соңғы жаңалықтар