45 млрд теңгелік заңсыз экспорт: ҰҚК мұнай саудасы схемасын әшкереледі
АСТАНА. KAZINFORM- Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұнай өнімдерін Қазақстаннан шетелге заңсыз экспорттаумен айналысқан ұйымдасқан топтың әрекетіне тосқауыл қойды.
Комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2019–2023 жылдары «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз шығарылған. Операциялардың жалпы көлемі шамамен 45 млрд теңгеге бағаланған.
Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық схеманы Маңғыстау облысының кәсіпкері ұйымдастырған. Ол жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен шикі мұнай сатып алуға, кейін оны «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңдеуге шарттар жасасқан. Сондай-ақ жалған сапа паспорттары ресімделген.
Одан әрі дайын өнім пеш отыны ретінде көрсетіліп, Ақтау теңіз порты арқылы танкерлермен шетелге шығарылған.
Биыл жүргізілген процестік іс-шаралар кешені аясында қылмыстық іс фигуранттарының активтері, шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік тәркіленді.
Жалпы, заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтар бойынша 2 млрд теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне өндірілді.
-Бұған дейін Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес қатысушысы, оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234-бабы 3-бөлігі және 262-бабы 2-бөлігі бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Қылмыстық схеманы ұйымдастырушы халықаралық іздеуде жүр,-делінген хабарламада.
Осыған дейін ҰҚК халықаралық есірткі арнасын жойған болатын.