4 млрд долларлық дау: Калифорния Трамп әкімшілігін сотқа берді

ВАШИНГТОН. KAZINFORM — Калифорнияның Жоғары жылдамдықты теміржол басқармасы Сан-Франциско мен Лос-Анджелес арасындағы жоғары жылдамдықты теміржол (ЖЖМ) жобасын қаржыландырудан бас тартқаны үшін Дональд Трамп әкімшілігін сотқа берді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады, деп жазады ТАСС.

Трамп
Фото: АА

Айтылып отырған қаражат көлемі — федералды бюджеттен бөлінуі тиіс 4 миллиард доллар. Жобаға жетекшілік ететін мекеме аталған шешімді «қызмет бабын орынсыз әрі негізсіз пайдаланған» деп бағалап, АҚШ-тың Лос-Анджелестегі округтік сотына шағым түсірді.

Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсомның айтуынша, АҚШ Көлік министрлігінің бұл шешімі Бейкерсфилд пен Мерсед арасындағы алғашқы учаскеде теміржол төсеуге дайындық қызу жүріп жатқан сәтте қабылданған. Ньюсом федералдық қаржыландыруды тоқтатуды «Президент Трамптың Калифорния мен жоғары жылдамдықты теміржол жобасына деген жеке антипатиясынан туындаған ұсақ саяси кек» деп атап, мұны нақты деректерге емес, субъективті көзқарасқа негізделген шешім деп бағалады.

Бұған дейін Ақ үй басшысы 2008 жылы сол кездегі Калифорния губернаторы Арнольд Шварцнеггер бастамашы болған жобаның федералдық қаржыландыруын тоқтататынын мәлімдеген. Ол жобаның құны шектен тыс өсіп, іске асырылу мерзімі ұзаққа созылғанын сынға алған болатын.

— Салық төлеп жүрген еңбекқор америкалықтар үшін қуана хабарлаймын: мен бұл шектен тыс қымбатқа түскен, Калифорнияның «ешқайда апармайтын жоғары жылдамдықты пойызынан» ресми түрде бас тартамын, — деген еді Трамп.

Сонымен бірге, ол АҚШ-тың көлік министрі Шон Даффидің арқасында федералдық бюджеттен бұл «алаяқ жобаға» енді бір тиын да бөлінбейтінін айтты.

Өз кезегінде Көлік министрлігінің басшысы Трамп әкімшілігі ЖЖМ жобасын тоқтатуға байланысты кез келген шағымға лайықты жауап қайтаратынына сенімді екенін білдірді.
Қазіргі таңда жобаның аясында шамамен 50 инфрақұрылым нысаны — көпірлер мен жол айрықтары салынған. Жалпы теміржол желісінің ұзындығы 1 249 км болуы тиіс. Жоба аясында пойыздар сағатына 350 км-ден астам жылдамдықпен қатынайды деп жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ үкіметі халықаралық көмек пен БАҚ-қа бөлінетін қаржыны қысқартатынын жаздық.

Соңғы жаңалықтар