5 күн бойы айдалада қар жеп күнелткен малшы құтқарылды

АСТАНА. KAZINFORM — 21 наурыз күні түнде құтқару қызметіне адамның жоғалғаны туралы хабар түсті. 17 наурыз күні 1969 жылы туған ер адам Абай облысының Абай ауданындағы шаруа қожалығынан мал іздеуге атпен шығып, қайта оралмаған. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті.

5 күн бойы айдалада қар жеп күнелткен малшы құтқарылды
Фото: Видеодан алынған скрин

— Оның орналасқан жері белгісіз болып, телефоны сөндірулі болған. Іздеу жұмыстарына жоғары өтімді техникамен ТЖМ күштері, полиция қызметкерлері және туыстары жұмылдырылды. Бүгін таңертең іздеу тобы ер адамды далада тауып алды, — делінген хабарламада.

Малшыға ыстық шай беріліп, жарақаттанған аяғы таңылып, медициналық көмек көрсету үшін Ақшоқы ауылына жеткізілді.

5 күн бойы айдалада қар жеп күнелткен малшы құтқарылды
Фото: Видеодан алынған скрин

— Белгілі болғандай, бес күн бұрын ол далада жатқан атты байқап қалған. Жануарды тұрғызуға көмектеспек болған сәтте ер адам аттың астында қалып, аяғын сындырып алған. Осыдан кейін ат иесінен алыстап кеткен, ал ол далада жалғыз қалған. Осы уақыт бойы ол қар жеп күн көрген, — деп хабарлады ТЖМ-нан.

Бұған дейін Қостанай облысында мұз астына түсіп кеткен екі балықшы құтқарылған еді.

Соңғы жаңалықтар