5 млрд қаралым: Қытайлық платформаларда Қазақстанға қызығушылық артып келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның туристік аймақтары Қытайдың танымал Douyin, Xiaohongshu секілді әлеуметтік желілерінде жарнамаланып жатыр. Былтыр қытайлық платформаларға жүктелген Қазақстан туралы бейнероликтер 5 миллиардтан астам қаралым жинаған.

Бұл туралы Kazakhstan Zowoyoo Technology Co., Ltd компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Фу Сюэцзя Kazinform тілшісіне берген сұхбатында хабарлады.
– Қазақстанның туристік әлеуеті шексіз. Мен бұл елдің біраз бөлігін араладым. Әдемі жерлер өте көп. Бірақ бұл жерлер туралы көп адамның білуі үшін жұмыс істеу қажет. Сондай-ақ Қазақстанның туристік компанияларын қаржыландырып, инфрақұрылымды дамыту үшін инвесторлар тарту керек. Біздің компания осы жұмыстарды жалғастыру арқылы Қазақстанның туризм саласына жыл сайын 2–3 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс түсіруді көздеп отыр, - дейді қытайлық кәсіпкер.

Бір ай бұрын Қытайдың жетекші цифрлық платформаларының бірі Zowoyoo компаниясы мен Kazakh Tourism арасында меморандумға қол қойылған еді. Бұл құжат Қазақстанның туристік әлеуетін Қытай нарығында цифрлық форматта кеңінен дәріптеуге бағытталған. Қытайлық туристерді тарту мақсатында еліміздің әсем жерлері туралы ақпараттар қытай тіліне сауатты аударылып, сол елдің танымал платформаларына жүктеледі. Қазақстандағы туристік агенттіктермен де ынтымақтастық орнатылып, сервистер ортақ платформаға біріктіріледі. Нәтижесінде қытайлық туристер еліміздегі турларды алу, қонақүйлерде бөлме брондау және басқа да қызмет түрлерін Қытайдан шықпай-ақ онлайн түрде, алдын ала орындай алады.
– Қытай – біз үшін ең басым нарықтардың бірі. Былтыр Қытайдан келген қонақтардың саны 655 мыңға жетіп, 80%-ға дейінгі өсімді көрсетті. Ал биыл осындай жобалардың арқасында келетін туристердің санын 700 мыңнан асырып, 800 мыңға дейін жеткізуге мақсат қойып отырмыз, - дейді Kazakh Tourism ҰК басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Көрші халық көбіне Алматы, Астана және Түркістан облыстарына баруды жөн көреді екен. Ал мамандар жаңа жоба аясында Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Шымкент сынды өзге де өңірлерге ден қойып, Қазақстанның барлық туристік әлеуетін жарнамалауды көздеп отыр.
– Қытайлық компаниялардың туризм саласында Қазақстанмен серіктестік орнатуға деген қызығушылығы өте жоғары. Біз тек Zowoyoo компаниясымен ғана жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Олар елімізді жарнамалау үшін өздерінің телеарналарын да алып келді. Кеше ғана Гуанджоуда үлкен кездесу өткізіп, 20-дан астам туристік компания Қазақстанның презентациясын жасады. Бұл жұмыстар бұдан әрі де жалғаса береді, - дейді Даниел Сержанұлы.

Ұлттық компания төрағасы туризм саласындағы цифрлық жобаны жүргізуде не себепті Қытай Халық Республикасына басымдық беріп жатқанын түсіндірді.
– Instagram, Booking секілді бүкіл әлемге белгілі қосымшаларда Қазақстан әу бастан-ақ өзін жарнамалап келеді. Ал қытайлық нарықтағы цифрлық экожүйелерде еліміз туралы ақпарат жоқтың қасы, әлі де өте аз. Себебі Қытайда жұмыс істейтін платформалардың ландшафты мүлде басқа. Сондықтан туризм саласындағы цифрлық мүмкіндіктерді қолдануда Қытайға барынша басымдық беріп отырмыз, - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Астанада “Цифрлық Жібек жолы – 2025” форумы өтті. Шара Қазақстан мен қытайлық мамандар арасындағы өзара тиімді әріптестікті дамытуға бағытталған. Жиында цифрлық мүмкіндіктерді туризм саласында кеңінен қолдану тәсілдері талқыланды.
Бұған дейін Туризм және спорт министрлігі еліміздің туристік өңірлеріне жасалған инспекциялық сапарын аяқтағанын хабарлаған едік.