5 оқушының үшеуі аман қалды: Балалар санавиациямен Ақтөбеге жеткізіледі

ақтөбе оқушылар қаза болды
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жол-көлік апатынан аман қалып, ауруханаға түскен Жаныс би ауылының оқушылары Ырғыз ауданынан Ақтөбе қаласына жеткізіледі. Оларға екі санавиация бригадасы жіберілді, деп хабарлайды Kazinform.

Ырғыз ауданындағы жол-көлік апатына байланысты құрылған жұмыс тобы бүгін ауруханаға барып, оқушылардың жағдайын білді. Мәлім етілгендей, науқастардың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

«Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев, Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан бастаған жұмыс тобы балаларының амандығын тілеп отырған ата-аналармен жолықты. Олардың сұрауымен ем-дом шаралары Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасында жалғастырылады. Зардап шеккен оқушылардың денсаулығы толықтай тексеріледі. Балалардың жағдайы жұмыс тобының тікелей назарында болады. Облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жұмыс тобының өкілдері жол апаты салдарынан көз жұмған бір мұғалім мен екі оқушының отбасына барып көңіл айтты», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев балаларды облыс орталығына тасымалдау үшін екі санавиация бригадасы ұшып шыққанын хабарлады.

Еске салсақ, кеше «Самара – Шымкент» тасжолында жеңіл және жүк көліктері соқтығысып, олимпиадаға бара жатқан екі оқушы мен мұғалім көз жұмды. Аман қалған үш оқушы түрлі жарақат алып, ауруханаға түсті. Жол-көлік оқиғасына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар