Қалаларды 5G технологиясымен қамту деңгейі қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев ұлттық жобаларды іске асыру қорытындысын жариялады.

— «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Қолжетімді интернет» үш ұлттық жобаны іске асыруға 751 млрд теңге бөлінді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға өңірлерге 647 млрд теңге аударылды. 254 мың оқушы орны ашылды, 105 мектептің құрылысы аяқталды. 2025 жылы тағы 112 мектепті пайдалануға беру жоспарланған, — деді М. Такиев.
Оның айтуынша, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға 91,3 млрд теңге бөлінді. 460 нысанның құрылысы аяқталды. 2025 жылдың соңына дейін 195 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы аяқталып, 32 көпсалалы орталық аудандық аурухана жаңғыртылатын болады. Медицина кадрларының тапшылығын төмендету бойынша оң серпін байқалады. 2023 жылмен салыстырғанда дәрігерлер тапшылығы 17 пайызға төмендеді.
— «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыруға 13 млрд теңге бөлінді. 5G-мен республикалық маңызы бар қалалар 30 пайызға, облыстық маңызы бар қалалар 15 пайызға қамтылды, — деді министр.
Айта кетейік, 2027 жылдың соңына дейін байланыс операторлары 5G технологиясын дамытуға 450 миллиард теңге инвестиция салады.
Бірнеше жыл бұрын елімізде 5G жаңа ұялы байланыс желісін енгізу басталды. Жоба аясында 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75 пайызында, облыс орталықтарының 60 пайызында 5G технологиясы қосылады.