600 тонна қорғасын мен 100 тонна алюминий құймаларын шетел асырмақ болғандар ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM - «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі стратегиялық шикізатты шетелге заңсыз шығару бойынша көлеңкелі схемаларға қарсы күресіп жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмыскерлер металдардың кейбір түрлерін экспорттауға мораторий жарияланғанына қарамастан, оларды шекарадан контрабандалық жолмен шығаруға әрекеттер жасалып жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, Жетісу облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратурамен бірлесіп, рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген компанияның заңсыз қызметінің жолын кесті.
Аталған компания түсті металдарды заңсыз қабылдап, өңдеуді ұйымдастырып, ілеспе құжаттарға жалған мәліметтер енгізу арқылы оларды бірнеше рет ел аумағынан тысқары шығаруға тырысқан.
Кәсіпорын аумағында жүргізілген тінту шаралары барысында шетелге жөнелтуге дайындалған 600 тоннадан астам қорғасын және 100 тоннадан астам алюминий құймалары, сондай-ақ түсті металл сынығы тәркіленді.
Металл балқытуға арналған жасырын цех пен оның құрамын алдын ала зерттеуге арналған зертхана жойылды. Бұдан бөлек, нысан аумағында заңсыз еңбек еткен, көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік азаматтар ұсталып, олар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қылмыстық схеманың түпкі бенефициарлары анықталу үстінде.
Осыған дейін ІІМ металл сынықтарын контрабандалық жолмен тасымалдау схемаларын анықтағаны туралы жаздық.