62 жастағы қызылордалық әйел көлік дөңгелегін жөндеп жүр
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы Шиелі ауданының орталығында 15 жылдан бері көлік дөңгелегін жөндеумен айналысып жүрген әйел тұрады.

62 жастағы Нұржамал Омарова бұл кәсіпке ойламаған жерден келген. Ол сатушы мамандығы бойынша оқу бітіргенімен тұрмысқа шыққасын 16 жыл бойы аудандық мәдениет үйінде тазалықшы болған.

Жолдасы Сабырхан Ақанов 1993 жылы ауданда алғашқылардың бірі болып көлік жөндеу орталығын ашқан. Бірақ он шақты жылдан кейін денсаулығы сыр беріп, кәсіптен қол үзуге тура келеді. Нұржамал апа отбасылық кәсіпті орта жолдан тастауға қимайды.
– Бұрын күйеуім жұмыс істеп жатқанда дөңгелекті қалай жөндейтінін көретінмін. Ол ауырып қалғанда үйренгенімді жетілдіріп, кәсіпті ары қарай жалғастыруға бел будым. Әуелгіде баллонға жел беру үшін 10 теңге алатынбыз. Қазір 50 теңгеге көтерілді. Одан бөлек көлік аккумуляторын тексеріп, қуаттаймын. Дөңгелегін теңгеріп, жел беремін, жамаймын. Көмегіме жүгінушілер саны әр кезде әрқалай. Орталыққа келушілер қарасы, әсіресе, көктем мен күзде көбейеді, - дейді кейіпкеріміз.


«Бір өзіңізге дөңгелекті алып, салу қиын емес пе?» деген сұрағымызға Нұржамал апа «оңай жерде нан жоқ» деп қысқа қайырды. Ол кісіден жұмыстың қыр-сырын үйреніп, өз алдына көлік жөндеу орталығын ашқан жастар бар.
– Келушілерден көбіне жағымды пікір естимін. Жұмысты адал атқаруға тырысамын. Өзіме сенімді болған күнде де үйлеріне аман-есен жетіп алуын тілеп, уайымдап отырамын. Көлік жүргізушілер қыстың суығында, жаздың ыстығында жолда қалып қоймаса деймін, - деді механик әйел.


Ерге бергісіз еңбек етіп жүрген кейіпкеріміз 5 баладан 14 немере сүйіп отыр. Бір қызығы, Нұржамал Омарова көлік жөндеуді білгенімен өзі көлік жүргізе алмайды екен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық статистика бюросы биыл ақпанда елімізде 149,2 мың автокөлік құралы есепке қойылғанын мәлімдеген болатын.