66 рет жол ережесін бұзған қызылордалыққа 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — 1-14 желтоқсан аралығында Қызылорда облысында «Қауіпті жүргізуші» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осы уақыт аралығында барлығы 2951 құқықбұзушылық анықталған.
— Жалған мемлекеттік тіркеу нөмір белгілері бар көлік құралын басқарудың 6, көлік басқару кезінде байланыс құралдарын пайдаланудың 286, қарсы бағытқа шығудың 13, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өтудің 69 дерегі тіркелді. Ал 252 жағдайда көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіге жол бермеген, 52 жағдайда масаң күйде руль тізгіндеген, 120 адам басқару құқығы жоқ болса да көлік жүргізген. Көлік құралын басқару құқығынан айырылған 17 адамның қайтадан темір тұлпар тізгіндегені анықталды, — деді департаменттің әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Ғани Абдуллаұлы.
Іс-шара аясында 66 рет құқық бұзып, 2 млн 162 мың теңге айыппұл арқалаған тұрғын ұсталды.
— Оның заңнан тыс әрекеттері жыл көлемінде құқықбұзушылықты автоматты түрде анықтайтын құрылғыларға түскен. Барлығында жылдамдықты шектен асырған. Айыппұл салынғаны жөнінде дер кезінде хабарланған, — деді департамент өкілі.
Бұған дейін біз қызылордалық жүргізушінің 20 жылда бірде-бір рет жол ережесін бұзбағанын жазғанбыз.