7-20-25: Ақтөбеде 202 өтінім мақұлданды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 202 отбасы «7-20-25» бағдарламасымен баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбедегі өңірлік коммуникациялар қызметі «7-20-25» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлермен таныстырды. Тұрғын үйлер екінші деңгейлі банктер арқылы беріліп жатыр. Барлығы 8 банк өтініштерді қабылдауды жалғастырады.
«Біздің облыста екінші деңгейлі банктер 3 миллиард теңгеден асатын 364 өтінімді қабылдады. Оның 202 өтінімі, яғни, құны 1,7 миллиард теңге болатын тұрғын үй сұранысы қанағаттандырылды. «Центр Кредит Банк» екінші деңгейлі банктер арасында несие беруде көш бастап тұр, оларға барлық тұрғын үй несиелерінің 67% берілді», - деді қала әкімінің орынбасары Ұшқын Мыңбаев.
Еске салсақ, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының негізгі талаптары: жеке меншікте тұрғын үйдің болмауы, төлем қабілеттілігін растау, тұрғын үйдің жалпы құнының 20% мөлшерінде бастапқы жарнасының болуы. Ақтөбеде көпқабатты коммерциялық тұрғын үйлердің құрылысымен 25 компания айналысады. Негізгі құрылыс жұмыстары «Батыс 2» тұрғын үй алабында жүріп жатыр. Тұрғын үйдің 1 ш. м. құны коммерциялық тұрғын үйлердің қабатына байланысты 140 000 - 160 000 теңге.