730 мың тонна: Ақтөбедегі химия зауыты қалдығының қашан жойылары белгісіз

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Осыдан 10 жылға жуық уақыт бұрын Алға химия зауытының орнын тазарту жобасы басталды. Содан бері бірталай уақыт өтті. Министрлік те, әкімдік те әзірге тек жоба туралы айтқанымен, жұмыстың нақты қашан басталарын тұспалдамады.

қираған
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Зауыт тоналып кеткен — тұрғын

Алға химия зауыты Елек өзенін бормен ластап жатыр. Зауыттың дәл осы күйінде тұрғанына ондаған жыл өтті. Қала іргесіндегі алып өндіріс ошағы бүгінде алып қоқыс алаңына айналған.

Мұнда өндірістік қалдықпен қатар тұрмыстық қоқыс та бар. Бір бұрышында өзге зауыт жұмыс істеп тұрса, енді бірінде құрылыс басталды.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Мен бұл ауылда 10 жылдан бері тұрамын. Содан бері ештеңе өзгермеді. Өзім жеке кәсіпкердің компаниясында күзетші болып жұмыс істеймін. Бұл жер — зауыттың орны. Мұнда қазір ештеңе жоқ. Бұрын 2 мың адам жұмыс істеген деп айтады. Қазір тоналып кеткен әрі әртүрлі жеке адамдар иелік етеді. Аумаққа жастар, балалар келмейді. Алатын да ештеңе жоқ. Ал қаңырап тұрғаны қауіпті. Құлап қалуы да мүмкін, — дейді ауыл тұрғыны әрі күзетші Асқар Ершин. 

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Оның айтуынша, аумақта бірнеше өндіріс орны бар әрі қаңғыған ит те көп. Сонымен бірге тұрғындар қоқыс төгіп кетеді.

Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, бұрынғы химия зауытының аумағында 12 кәсіпкерлік субьектісі бар.

Олар минералды тыңайтқыш, жүргіншілер жолына арналған тас тақтайша, кірпіш, әктас өндіріп жатыр. Сонымен бірге цемент зауытының да құрылысы басталды.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Бұл зауыттың қалдығынан иіс шықпайды, сондықтан болар тұрғындар кездесулерде экологиялық залалын айтпайды. Тек қирап жатқан ғимараттар бар. Аумақта теміржол жолағы сақталған. Алдағы уақытта ірі өндірістік аймаққа айналуы мүмкін. Қазірдің өзінде 12 компанияда 300-ден астам жұмыс істеп жатыр. Ірі цемент зауытының құрылысына 30-40 адам тартылды. Алдағы уақытта 1500 адам алмақ. Шағын өндірістік аймақ қылса, үлкен мүмкіндік болар еді. Газ, су, жарық, кәріз жүйесі бар, теміржол жолағы жетіп тұр. Логистикасы өте ыңғайлы. Инвесторлар қызығатындай аумақ, — деді аудан әкімі Асланбек Шүйіншалиев.

Оның айтуынша, химия зауытының орнын тазарту жұмысы әлі де өзекті. Қазіргі кәсіпкерлік субьектілері тек бір ғана бұрышын пайдаланып отыр.

Әрі жер тек аукцион арқылы беріледі, өзгесі мемлекет меншігінде.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Екі жыл бұрын Үкіметке сауал жолданды

Сенат депутаттары Амангелді Нұғманов пен Бауыржан Қаниев 2023 жылы Үкіметке Киров атындағы бұрынғы Алға химия зауытына қатысты сауал жолдады.

Депутат Амангелді Нұғманов бұл тақырып әлі де өзекті екенін, үнемі бақылап отыратынын айтты. Себебі мұнда бор, бірнеше ауыр металл өзен суын ластап тастаған.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Бұл сұрақты тағы да көтеремін. Сол кездері өндірістік ағын еш тазарылмай, тікелей Елек өзенінің жайылмасына төгілгені туралы айтылды. Бор мен хромның, сондай-ақ ауыр металдардың қосылыстары қоршаған орта объектілеріне (су, топырақ, өсімдіктер) ғана емес, сонымен қатар облыс халқының денсаулығына, Елек өзенінің бойында тұратындарға, оның ішінде облыс орталығының тұрғындарына теріс әсер етеді. 2009 жылы Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бұрынғы зауыттың аумағына зерттеу жүргізді. Оның нәтижесі бойынша қалдықтардың меншік иесін анықтау жұмыстары басталды. 2012 жылы зауыт аумағында орналасқан қалдық пен шлам жинағыштардың қалдықтары Алға ауданы сотының шешімімен республикалық меншікке берілді. 2017 жылы министрлік қауіпті қалдықтарды жою жобасын әзірледі. 2020-2022 жылдары 7,8 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Оның ішінде 2020 жылы республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 180 млн теңге бөлінді. Сөйтіп 2019 жылы жобалық құжаттама облыс әкімдігінің балансына берілді. Алайда 2021 жылға дейін сот талқылауы өтіп, жоба тоқтатылды. Өйткені «Эко Қамқор» қоғамдық бірлестігінің экологтары жобалық және технологиялық шешімдермен келіспей, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын қайтарып алуды талап етті. 2022 жылы облыс әкімдігі зауыттың қалдықтарына жалпы түгендеу жүргізді. Онда қалдықтардың кемінде 2,6 млн тоннаны құрайтыны анықталды. Ал «Жасыл Даму» АҚ 2017 жылы 730,5 мың тонна қалдық бар екенін ғана анықтаған, — деп келтірді өз сауалында Сенат депутаты Амангелді Нұғманов пен Бауыржан Қаниев.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Сауалда өнеркәсіп аумағынан апатит, бор қышқылы, әктас, бор, күкірт колчеданы, ванадий катализаторының қалдықтары, мазут, металл, пирит өртендісі, күкірт, суперфосфат, шлам құбырлары, төсеу материалдары, асфальт, тұрмыстық қоқыс, күл, қож, көмір, шыны, керамика, құрылыс қоқыстары анықталғаны айтылған.

а
Фото: Алтынай Сағындықова /Kazinform

Депутаттар фактіні алға тартып, қалдықты жоюдың жобалық құжаттамасын түзету мәселесін назарға алуды сұрады.

2023 жылы желтоқсанда Үкімет сауалға жауап беріп, сот процесінен кейінгі жағдайды баяндады.

Жауап хатта Ақтөбе облысы әкімдігі қайта түгендеу жүргізгенін, 2017 жылғы деректен бөлек тағы 1,8 млн тонна қалдық табылғаны айтылған.

мусор
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Kazinform сауалына жауап

ҚазАқпарат Экология және табиғи ресурстар министрлігіне дәл осы сауалды қайта жолдап, нақты жоспарды сұрады.

Министрлік өнеркәсіптік қалдықтар мәселесі мемлекеттік органдардың бақылауында тұрғанын хабарлап, аумақтағы қалдық 730 мың тонна екенін мәлімдеген.

ғимарат
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— 2022 жылы жүргізілген түгендеу нәтижесінде зауыттың өндірістік алаңындағы жағдайдың, соның ішінде қалдықтардың көлемі мен қасиеттері өзгергені анықталды. Осыған байланысты қалдық мәселесін кешенді шешу үшін тиісті сала мамандарын тарта отырып, бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Алға химия зауытының аумағында шамамен 730 мың тонна қалдық бар. Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі жұмыс жоспарына сай әр ай сайын Елек өзенінен су сынамаларын алып отырады. Тарихи ластану нәтижесінде Алға ауданынан ағып өтетін Елек өзенінің бормен ластануы тіркеліп отыр. Ақтөбе облысының 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасына сәйкес С. Киров атындағы бұрынғы Алға химия зауытының аумағында орналасқан қауіпті қалдықтарды жою жобасын түзету және жою жұмыстарын жүргізу 2025-2026 жылдарға қарастырылған, — деп жазылған хатта.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Министрлік екі жылға үміт артқанымен, нақты жұмыс жайын, бөлінер қаржы туралы сауалды жауапсыз қалдырып отыр.

Айта кетейік, Алғадағы химия зауыты 1930 жылдары салынып, 90-шы жылдары жұмысын тоқтатты. Арада ондаған жыл өтіп, қазір тек үйіндісі қалды.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Kazinform тілшісі осы зауытқа қатысты сауалды жыл сайын қозғап, экологтардың жауабын біліп отыр. 2023 жылы жобалық-сметалық құжатты түзету жоспары айтылса, 2024 жылы да дәл осы жұмыс жөнінде жауап келді

а
Фото: Алтынай Сағындықова /Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар