8 200 патрульдік полиция жетіспейді – Ержан Сәденов
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 8 200 патрульдік полиция қызметкері жетіспейді. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты.
- Республикалық жолдардың тек 12 пайызы ғана қауіпсіздіктің барлық параметріне сай келеді. 4 және одан да көп жолақты 6 мың шақырымнан астам жол салу қажет. Елді мекендерге қатысты мәселе де өткір тұр. Жол-көлік оқиғалардың 85 пайызы соларда болады. 59 жерасты, 119 жер үсті жаяу жүргішілер өткелін, шамамен 600 бағдаршам, 1 мың шақырымнан астам жаяу жүргінші қоршауын, 15 мың шақырымды жарықтандыру, 70 мың шақырым жаяу жүргінші жолын, 2 800 шақырым веложол салу қажет, - деді Ержан Сәденов ІІМ-де өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, бұл мәселелер өткен аптада Үкімет отырысында қаралып, нақты тапсырмалар берілген. Орындау мерзімі нақтыланған.
- Тағы бір фактор – патрульдер штатының жетіспеушілігі. Бұл негізгі қызмет саналады. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті қорғайды. Мұның үстіне халық пен автопарк саны артып келеді. Тағы да 8 200 штаттық бірлік қажет, - деді министр.