8 айда 88 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 8 айда 88 433 қылмыстық құқық бұзушылық жасалған.  Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өтіп жатқан Үкімет сағатында Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева айтты.

ІІМ
Фото: Абай облысы ПД

- Бүгінгі Үкімет сағатының тақырыбы өте маңызды. Ол «қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне» арналады. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау оларға тиісті жағдай жасау, инфрақұрылым мәселесі және барлық мемлекеттік органның атсалысуы сияқты көптеген мәселені қамтиды. Алайда бұл саладағы жетекші рөл құқық қорғау органдарына, атап айтқанда, құқықтық тәртіп органдары – Ішкі істер министрлігі мен облыстардағы полиция департаменттеріне жүктелген, - деді ол.

Осы орайда Дания Еспаева қазіргі уақытта елімізде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында стратегиялық бағдарламалық құжаттар қабылданып, іске асырылып жатқанын айтты.

- Парламент заң шығарушы орган ретінде заңдылық пен тәртіпті нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Соңғы жылдары депутаттар уәкілетті органдармен бірлесіп, қылмыстық заңнаманы күшейту бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, есірткі қылмысы, бұзақылық, вандализм үшін жаза айтарлықтай күшейтілді. Қылмыстық заңнама қылмыстың жаңа түрлерімен толықтырылды. Олар – дропперлік, некеге мәжбүрлеу, сталкинг және басқалары, - деді Мәжіліс вице-спикері.

Дегенмен оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында, сол сияқты әлеуметтік желілерде де кісі өлтіру, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі қылмысы, ұрлық, алаяқтық туралы қылмыстық мәліметтерді күн сайын көруге болады. Бұл азаматтарымызда елде қылмыс өршіп, жалпы қылмыстық жағдай нашарлап кеткендей сезім тудыруы мүмкін.

- Егер статистикаға мән беретін болсақ, өткен жылы 132 778 қылмыстық құқық бұзушылық жасалса, осы жылдың 8 айында 88 433 қылмыстық құқық бұзушылық жасалған. Оның 80 пайызы - қылмыс, ал 20 пайызы - қылмыстық теріс қылық. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік саласындағы ұлттық және халықаралық индикаторлар да соңғы 5 жылда айтарлықтай өзгерген жоқ. Есірткі қылмыстары, бұзақылық, қарақшылық өсіп отыр. Қылмыстық теріс қылықтар көбірек тіркеліп жатыр. Егер қоғамдағы «көңіл күйге» қарасақ, ондағы жағдай да алаңдатады. Біз қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі нақты ахуалдың қандай екенін анықтап алуымыз керек. Сондықтан бүгінгі «Үкімет сағатының» негізгі міндеті – құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздіктің ағымдағы жай-күйіне талдау жасау. Яғни қоғамды не алаңдатып отырғанын анықтау және полицияның осы бағыттағы жұмысына баға беру, - деді Дания Еспаева.

Айта кетейік, СҚО-да жасанды интеллектінің көмегімен мектептерде құқық бұзушылықтарға жол берілмеді.

Соңғы жаңалықтар