8 жасар бала Букреев шыңынан эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM — ТЖМ РЖҚЖ құтқарушыларының жедел әрі кәсіби іс-әрекеттерінің нәтижесінде бала сәтті эвакуацияланып, таудың етегіне жеткізілді 

8 жасар бала Букреев шыңынан эвакуацияланды
Фото: Видеодан алынған скрин

Түнде Букреев шыңына (3010 м) шыққан туристер тобының ішінде үш бала болғаны және солардың бірі өзін жайсыз сезініп, жедел эвакуация қажет екені туралы ақпарат түскен.

Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы шұғыл түрде жолға шыққан. 

Бутаков шатқалы арқылы өтіп, құтқарушылар жаяу жүріп, алдын ала берілген координаттар бойынша жоғары көтерілді.

— Туристер маршрут бойынан табылды. Бала ұйықтап жатқан, жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Құтқарушылар оны топтағы ересек адамның ілесуімен төмен түсірді, — делінген ТЖМ хабарламасында. 

ТЖМ РЖҚЖ құтқарушыларының жедел әрі кәсіби іс-әрекеттерінің нәтижесінде бала сәтті эвакуацияланып, таудың етегіне жеткізілді.

 

Соңғы жаңалықтар