81 оқушы қазақ тілі мен әдебиеттен Қанипа Бітібаева олимпиадасының жеңімпазы болды

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, республикалық олимпиада қорытындысымен барлығы 81 оқушы жүлделі болды. Тағы 29 қатысушы министрліктің «Ерекше жетістіктері үшін» грамотасын алды.
Екі жеңімпазға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Шәкәрім атындағы университеттің білім гранттары табысталды.
«Олимпиадаға республиканың әр түпкірінен 169 оқушы қатысты. Олар қазақ тілі білімі мен қазақ әдебиеті шығармалары, Қанипа Бітібаеваның өмірбаяны, ғылыми-педагогикалық мұрасы мен публицистикалық еңбектері бойынша сайысқа түсті. Оқушылардың білімін ғалымдар мен жетекші жоғары оқу орындарының оқытушыларынан тұратын қазылар алқасы бағалады», – деді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Айта кету керек, Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиада 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.