9 айдың қорытындысы: Үкімет экономиканың негізгі көрсеткіштерін жариялайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері еліміздің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері мен республикалық бюджеттің атқарылуын қарастыруды жоспарлап отыр.
Үкімет отырысының қорытындысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында берілген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баспасөз конференциясы өтеді. Іс-шара барысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы министрі Мәди Такиев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков тілшілер тарапынан туындаған сауалдарға жауап береді.
Үкімет отырысының тікелей таратылымы PrimeMinister.kz сайтында, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында жүреді.
Үкімет мәліметінше, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім көлемі 4,1 пайызға өсті. Экономика құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 9,8 пайызға, көлік саласы – 7,1 пайызға, құрылыс 15,2 пайызға артты. Сондай-ақ сауда-саттықта – 5,7 пайыз, ауыл шаруашылығында – 4,4 пайыз және байланыс қызметінде 4,3 пайыз өсім тіркелді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 9,5 триллион теңгені құрады, соның ішінде жеке инвестиция 21,4 пайызға ұлғайды.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың құрылымы өзгеріп келеді. Жеке инвестициялардың үлесі 87% болды. Қаңтар-мамырда сыртқы сауда айналымы 56,3 млрд долларға жетті. Тауарлар экспорты 30,4 млрд долларды құрады, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты – 11,8 млрд доллар. Тауарлар импорты 26 млрд доллар болды. 4,4 млрд доллардан астам көлемде оң сауда балансы сақталды.
Экспорттаушыларды қолдау және экспорт географиясын кеңейту жұмыстары жалғасты. Жыл басынан бері Пәкістан, Қытай, Моңғолия, Солтүстік Македония, Таиланд, Нидерланд және Ауғанстанға 150 астам қазақстандық компанияның қатысуымен 7 сауда-экономикалық миссия ұйымдастырылды. Нәтижесінде 700 миллион АҚШ долларынан астам сомаға экспорттық келісімшарттар жасалды. Экспорттық-кредиттік агенттік арқылы 400 млрд теңгеден астам қаржылық қолдау көрсетілді.
Машина жасау саласы 23,1 пайыз деңгейінде өсім көрсетті. Осы салада көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және темір жол техникасын, сондай-ақ тұрмыстық техниканы өндіру көлемі артты. Көрсеткіштердің өсуі ішкі сұраныстың артуы мен инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жүзеге асты.
Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдар, киім және былғары өнімдер өндірісі артып, саладағы өсім 94,8 пайызды құрады. Химия өнеркәсібінде күкірт қышқылы, аммофос, каустикалық сода, аммиак селитрасы және сары фосфор өндірісінің артуына байланысты 20,7 пайыз өсім байқалды. Құрылыс материалдар өндірісі бетон, құрылыс ерітінділері, әк, отқа төзімді бұйымдар, цемент және бетон конструкциялар көлемінің өсуіне байланысты 14,1 пайызға артты.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру жайы талқыға түсті. Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтың айтуынша, Қазақстанның цифрлық бастамалары AI-экономиканың әлемде қалыптасқан құрылымына сәйкес келеді. Бес деңгей бойынша жобалар іске қосылып, жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, AI-экономиканың барлық құрамдас бөлігі «Digital Qazaqstan» стратегиясында қамтылған.
- Бәсекеге қабілетті ұлттық IT-экожүйені дамытуға тоқталсақ, Astana Hub 2 500-ден астам резидентті біріктіріп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1,1 млрд АҚШ долларынан асты. Alem Ventures арқылы көлемі 115 млн доллар болатын венчурлық қорлар құрылды. Елімізде мықты технологиялық компаниялар қалыптасып, бәсекеге қабілетті IT-өнімдер жасалды. Инженерлер мен зерттеушілерді даярлау үшін Qazaq AI Research University ашылды. Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы AI-Enabled университет. Network School іске қосылды. Онда отандық және шетелдік IT-инженерлер жаһандық нарыққа IT-қызметтерді экспорттауға дайындалады, - деді Ж.Мәдиев.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев мемлекеттік шығыстарды цифрландыру арқылы 2027–2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде 1,5 трлн теңге көлеміндегі шығынға жол берілмегенін атап өтті.
– Ең бастысы – цифрландыру нақты қаржылық нәтиже беруде. Цифрландыру есебінен қосымша түсімдер 410 млрд теңгені құрады. Яғни ақпараттық мәліметтер тек бақылау құралы емес, сонымен қатар бюджеттің қосымша кіріс көзіне айналып жатыр, – деді министр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, Digital Qazaqstan стратегиясы аясында геология, өнеркәсіп және құрылыс салаларын цифрландыру бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген.
– Өнеркәсіпте еңбек өнімділігінің жыл сайынғы өсімін 7%-ға жеткізу, роботтандыруды дамыту, кемінде 5 отандық интегратор мен 3 құзырет орталығын құру міндеті қойылды. Құрылыс саласында жаңа техникалық жағынан күрделі объектілерде BIM қолдануды кезең-кезеңімен 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр, – деді ол.
Энергетика министрі Ерлан Аққенженов отын-энергетика кешенін цифрландыру арқылы энергия ресурстарының шығынын 90%-ға дейін қысқарту жоспарланғанына тоқталды.
– Күтілетін нәтиже – нысандардағы апаттылықты 25%-ға төмендету және энергия ресурстарының шығынын 90%-ға қысқарту. Экономикалық әсері жылына шамамен 23 млрд теңге, – деді министр.
Ал Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында жүктерді тиімді тасымалдау, жолдарды сақтау және азаматтар мен бизнеске көрсетілетін қызметтердің уақытын қысқартуға бағытталған цифрлық жобаларға назар аудартты.
– 7-ші бағыт бойынша негізгі индикаторлар белгіленді. Өткізу пункттерінен жүк көлігінің өту уақыты 30 минуттан аспауы керек. Цифрлық паспорты бар және жүктерді маршрут бойы бақылау көлемі артады. Бұл көрсеткіш биыл 20 пайыз, 2027 жылы 60 пайыз, 2028 жылы 80 пайыз болады, – деді министр.
Талқыланған мәселені түйіндеген Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың цифрлық және жасанды интеллект жобалары шашыраңқы болмауы керектігін ескертті.
- Стратегияның көрсеткіштеріне қол жеткізуге тікелей ықпал ететін шешімдерді бірінші кезекте қаржыландыру қажет. Цифрландыруға қатысты барлық жаңа бюджеттік өтінімдер Digital Qazaqstan архитектурасы мен басымдықтарына сәйкестігі, сондай-ақ күтілетін экономикалық әсері тұрғысынан ескеріле отырып қаралуға тиіс. Жалпы алғанда, стратегияның әрбір бағыты бойынша нақты жобалар, көрсеткіштер, мерзімдер және жауапты орындаушылар бекітілген. Бірінші басшылар түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу үшін тікелей жауап береді, - деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы цифрлық салада басы артық бюрократияға жол беруге болмайтынын атап өтті. Ол үшін, ең алдымен, түрлі салалардағы бірқатар мәселені шешу қажет.
-Энергетика саласында энергия жүйесін цифрландыру деңгейі әлі де жеткіліксіз. Оны толассыз телеметрияның, интеграцияланған деректер мен талдау құралдардың жоқтығынан байқауға болады. Жаңа жобалар осы мәселені шешуге бағытталған. Энергия жүйесі болжамды цифрлық алгоритмдер негізінде басқару қағидатына көшуге тиіс. Бұл әртүрлі жағдайларға қарсы шұғыл әрекет етуге, апаттардың алдын алуға және энергия нысандары жұмысының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі деректерді Energy Command Center-ге шығарып, саланың негізгі нысандары мен ақпараттық жүйелерін бірыңғай цифрлық контурға біріктіруі қажет, - деді ол.