9 балық зауытына қарсы негізсіз қылмыстық іс қозғалды – депутат

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігі 9 балық зауытының бухгалтерия, іс-жүргізу құжаттарын тәркілеген. Қазір зауыттар жұмысын тоқтатқан. Балықшылардың мұңын бүгін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров көтерді. 

Ерлан Саиров
Фото: parlam.kz

«Қаржылық мониторинг агенттігі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бола тұра, Қазақстанның балық шаруашылығына шабуыл жасап жатыр. 2023 жылдың қазан айынан бастап, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Атырау облысында балық өнімдерін өңдейтін 9 зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған. Барлық зауыт балық өнімдерін экспортқа шығарады. Есеп-қисабы ашық, шыққан өнім кеден арқылы бақыланып отырады. Елімізде 1 300-ге жуық балық шаруашылығы субъектісі бар, салада және еншілес кәсіпорындарда 500 мыңға жуық адам жұмыс істейді», - деді Ерлан Саиров депутаттық сауал жолдай отырып.

Халық қалаулысы келтірген мәліметке сүйенсек, отандық балықшылар ЕО, Қытай, ТМД елдеріне, Таяу Шығыс елдеріне, жалпы саны 36 мемлекетке балық өнімдерін экспорттайды. Өткен жылдары шортан, сазан, судак секілді 30-мың тоннаға жуық балық өнімі шетелге сатылған. 

«Еліміздің ішкі жалпы өнімін экспорттық тауарлармен толтырып отырған экономика саласының кәсіпорындарына Қаржылық мониторинг агенттігі салық төлеуден жалтырды деген екі ұдайы айыппен қылмыстық іс қозғаған. Мемлекетке салық төлеп, мыңдаған азаматты жұмыспен қамтып отырған 9 балық зауытының бүкіл бухгалтерия, іс-жүргізу құжаттары тәркіленген, зауыттар жұмысын тоқтатқан. Қаржы мониторингі агенттігінің әрекеттері еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып отырған экономика саласының жұмысын толық тоқтатуға алып келуі мүмкін. Қазынаға түсетін салық тоқтап, балық өнеркәсібі, еншілес кәсіпорындарда істейтін мыңдаған азаматтың жалақысының төленбей, зауыттардың өздеріне шет елден өнімді уақытында жеткізбегені үшін айыппұл санкциялары қаупі төніп тұр», - дейді ол.

Одан әрі депутат балықшыларды қылмыстық қудалау тоқтатылған жоқ, яғни, мемлекетке экономикалық зиян күннен-күнге артып бара жатыр дей келе, негізсіз тексерулерді тоқтату керек деп отыр. 

Осы орайда Ерлан Саиров мәселенің шешу жолдарын ұсынды: 

1. Бас прокуратура Қаржылық мониторинг агенттігінің балық зауыттарын тексерулерінің заңдылығын анықтауы қажет және қылмыстық істің ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.

2. Қаржылық мониторинг агенттігінің ашқан қылмыстық істеріне тез арада қажетті құқықтық баға беріп, қарастырылып отырған істерді заң аясында әділетті тоқтатуды қажет. 

3. Бас Прокуратура құқық қорғау органдарының экономика субъектілеріне жөн-жосықсыз шеңгел қолдарын соза беруін тоқтатуы тиіс.

4. Бас Прокуратура Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарға отандық бизнесті күштеуді тоқтату жөніндегі тапсырмасын толық орындалуын қамтамассыз ету маңызды. 

Соңғы жаңалықтар