9 млрд теңгенің заңсыз электр саудасы: ШҚО-да майнингке қатысты іс тергелуде
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Қаржы мониторингі агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ҰҚК департаментімен бірлесіп, жалпы сомасы 9 млрд теңгеден асатын электр энергиясын заңсыз сату дерегін анықтады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, майнинг кәсіпорындарына электр энергиясын сату тек бірыңғай мемлекеттік сатып алушы арқылы және 1 мегаватт-сағаттан аспайтын көлемде ғана жүзеге асырылуы тиіс.
- Алайда бірқатар энергиямен жабдықтаушы компаниялар екі жыл бойы халыққа, әлеуметтік нысандар мен стратегиялық маңызы бар кәсіпорындарға арналған электр энергиясымен майнинг кәсіпорындарын заңсыз қамтамасыз етіп келген, - деп жазылған деректе.
Жалпы қолды болған электр энергиясының көлемі 50 мегаватт-сағаттан асқан. Бұл – 50–70 мың халқы бар қаланың энергия тұтынуына тең көрсеткіш.
Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушының елордадан 2 пәтер және 4 автокөлік сатып алғаны анықталды. Олар сот санкциясымен мүмкін болатын тәркілеу мақсатында бұғатталды.
Тергеп-тексеру жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда майнингпен айналысатындар қалай жұмыс істейтінін хабарлағанбыз.