9 жастағы бала көлік жүргізген: Қызылорда полициясы мән-жайды анықтады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалық полиция қызметкерлері анықтағандай, кәмелетке толмаған баланың автокөлік басқарғаны бейнеленген видео әлеуметтік желіге жүктелген.

9 жастағы бала көлік жүргізген: Қызылорда полициясы мән-жайды анықтады
Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Оқиға Арал ауданы көшелерінің бірінде күндізгі уақытта болған. 

— Бейнежазбаны зерделеу барысында 9 жастағы баланың «Toyota Sienna» маркалы автокөлікті басқарғаны белгілі болды. Тексеру нәтижесінде автокөліктің баланың әкесіне тиесілі екені анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімімен ата-анасына әкімшілік айыппұл салынды, — деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.

Тәртіп сақшылары профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізді.  Полиция ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарауды ескертеді.

— Кәмелетке толмағандардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеңіздер. Автокөлік кілттерін балалардың қолы жетпейтін жерде сақтап, олардың қауіпсіздігіне әрдайым назар аударыңыздар, — делінген хабарламада.

Еске салайық, Қазақстанда соңғы бес күнде көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырған 245 жүргізуші ұсталды, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.