9000 қазақстандық «Отау» және «Наурыз» бағдарламасы арқылы баспаналы болады
АСТАНА. KAZINFORM – Отбасы банк «Отау» және «Наурыз» бағдарламасы бойынша өткен қатысушылардың қосымша тізімін жариялады. 9000 қазақстандық көптен күткен ақжолтай жаңалықты естіді.

Өтініш берушілер мен тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың толық тізімі Отбасы банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) ресми сайтында жарияланды.
Барлығы 25 623 өтінім өңделген.
Бағдарламаға қатысушылардың басым бөлігі Алматы (2 699) және Астана (2 020) қалаларынан. Сондай-ақ көшбасшылар қатарында Шымкент қ. (781), Батыс Қазақстан (462) және Ақтөбе облыстары (401) бар.
«Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша тізімге енген 9000 адамның 1 818 — баспана кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері.
«Отау» және «Наурыз» бағдарламаларына қатысушылардың көпшілігі — 35 жасқа дейінгі қазақстандықтар. Бұл 5 457 адам. Енді олардың әрқайсысы қолжетімді шарттар бойынша өз үйлерін сатып ала алады. Жас азаматтар үшін бұл үлкен көмек. Өйткені, өз шаңырақтарының болуы оларға ертеңгі күнге деген сенімділік, қаржылық тұрақтылық пен тәуелсіздік береді. Баспаналы болған жас қазақстандықтарға болашақты жоспарлау, отбасын құру және мансабын дамыту оңайырақ», — деп хабарлады «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ баспасөз қызметі.
Ең жас қатысушы — Шымкент қаласының тұрғыны Ермек Жарқынбек. Ол 25-қыркүйек 18 жасқа толған күні өтініш беріп, қатысушылар тізіміне өткен.
«Отау» және «Наурыз» бағдарламаларының шарттары бойынша жеңілдетілген заемдарды 63 жастан аспайтын қазақстандықтар ала алады. Қарағандылық Зәуре Оразбекованың айы оңынан туып, ол 64 жасқа толуына бір ай ғана уақыт қалғанда өтінім беріп, қатысушылардың қосымша тізіміне сәтті еніп үлгерген.
Қосымша тізімге қатысушылардың 48,8% — тұрғын үй сатып алу үшін республикалық маңызы бар қалаларды, 31,6% — облыстық маңызы бар қалаларды, 17,5% — аудандарды және 2,1% — моноқалаларды таңдаған.
3 — 18 қазан аралығында (қоса алғанда) бағдарламаларға қатысушылар несиелік өтінім беріп үлгерулері қажет.
«Отау» және «Наурыз» бағдарламаларының шарттары:
— алғашқы жарна — 20%-дан бастап;
— тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме — 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін);
— азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме — 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін);
— несие мерзімі — 19 жылға дейін.
Бағдарламалар аясында тұрғын үй сатып алу бойынша келесі шарттар ұсынылады:
— алғашқы нарықтағы тұрғын үй, оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты және сақтандыру құралы бойынша;
— моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде екінші нарықтағы тұрғын үй.
Заемның ең жоғарғы мөлшері:
— Алматы мен Астана қалалары үшін — 36 млн теңгеге дейін.
— қалған өңірлер үшін — 30 млн теңгеге дейін.
Бағдарламаға қатысушы бастапқы тұрғын үйді Баспана маркет порталынан (otbasybank.kz) таңдап, брондай алады.
Қазіргі уақытта банк Баспана маркет порталында (otbasybank.kz) «Отау» бағдарламасына қатысушылар үшін де, «Наурыз» бағдарламасына қатысушылар үшін де тұрғын үй нысандарын белсенді орналастыруда. Қазір таңдауға 14 613 пәтерден тұратын 647 тұрғын үй кешені ұсынылған. Бұл тізім күн сайын толықтырылып отыр.