91 бұрынғы «закладчик» профилактикалық жұмыстарға тартылды – ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрлігінде есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың профилактикасы бойынша Кеңестің жұмысы туралы мәлімет берілді. 

91 бұрынғы «закладчик» профилактикалық жұмыстарға тартылды – ІІМ
Фото: Kazinform

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрхан Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен дөңгелек үстел барысында Кеңес жұмысының формальді сипатқа ие еместігін атап өтті.

– Жұмыс формальді сипатта емес. Кеңес мүшелері нақты алдын алу шараларына белсенді қатысып жатыр, - деді ол.

Сондай-ақ оның айтуынша, Кеңес құрамына Президент жанындағы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі кеңес өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, танымал спортшылар мен қоғамдық маңызы бар медиа тұлғалар енген.

– Бағдарлама аясында сотталғандар сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытылып, қамау орындарында және бостандыққа шыққаннан кейін жұмыспен қамтылып жатыр. Алдын алу іс-шараларына бұрынғы «закладчиктер» де тартылды. Қазіргі таңда олардың 91-і ерікті ретінде жастар арасында ескерту жұмыстарын жүргізіп жүр, - деп айтты комитет төрағасы.

Қазіргі уақытта профилактикалық жұмыстарға 22 мың ерікті қатысып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар саны 16 мыңнан 25 мыңға дейін, ал өткізілген акциялар 15 мыңнан 20 мыңға дейін артқан. Мақсатты аудиторияны қамту көрсеткіші 1 миллионнан 2,2 миллион адамға жеткенін Данияр Мейрхан айтып берді.

Бұған дейін 2025 жылы елімізде қанша есірткі қылмысының жолы кесілгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар