Абай медет тұтқан Сәйхали кім?

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы медет тұтып, өлеңдерін оқыған шығыс ақыны Сабыр Сәйхалидің 1905 жылы жарық көрген өлеңдер жинағы таныстырылды. Туынды 296 беттен тұрады.

Абай
Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі

Павлодарда шығыс ақыны Сабыр Сәйхалидің 1905 жылы Қазан қаласында араб графикасында жарық көрген көне кітабы таныстырылды. 

Абай
Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі

Кітапты құрастырған - Исмаил Шамсудинов. Кітаптың атауы – «Диуани Сәйхали». Туынды 296 беттен тұрады. Бұл кітапта діни-тарихи ұзақ жыр жазылған. Дүниенің жаралуынан бастап, 680 жылғы Хұсайынның Кербала шөлінде соғысып өлгеніне дейнгі тарих қамтылған. Тарихи жырдың авторы - шығыс ақыны Сабыр Сәйхали. 

Абай
Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі

Сабыр Сәйхалидың есімі Абай өлеңінде аталады.

«Фзули, Шамси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдауси,

Қожа Хафиз бу хаммаси,

Мәдет бер, иә, шағири[1] фарияд[2]».

Белгіленген сөздердің түсінігі келесідей:

[1] - Шағири (арабша) – ақын.

[2] - Фәрияд (парсыша) – теңдесі жоқ, асыл.

Демек, Абай Құнанбайұлы шығыстың теңдесі жоқ ақындарынан медет сұраған болса, сол медет (бата) сұраған шығыс ақындарының бірі - Сәйхали ақын.

Ғаламтордағы Википедия мәліметтеріне сүйенсек, Сабыр Сәйхали 15-ғасырда өмір сүрген шығыс ақыны. «Диуани Сәйхали» кітабы 1332 жылы Ташкентте, кейін Қазан мен Стамбул қалаларындағы баспадан шыққан. 

Абай
Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі

Өлеңдер жинағының бір нұсқасы Павлодар облысында табылып отыр. Бұл кітаптың бірнеше нұсқасы Алматы облысындағы Ұлттық кітапханада сақталса, тағы бір нұсқасы Абай облысындағы Абай музейінде тұр. Абай музейіне Қайым Мұхамедханов тапсырған. Сирек кітап Абайдың туған күніне орай, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде көпшілік қауымға таныстырды. 

Абай
Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі

Жәдігерді Павлодар қаласының тұрғыны Қалипа Үкенқызы табыстады.

Бұған дейін Павлодардағы музейде Абай Құнанбайұлының 1909 жылы жарық көрген тұңғыш жыр жинағы сақталып тұрғаны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар