Абай облысы аумағында жер сілкінісі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – ТЖМ «Сейсмологиялық зерттеу институты» ЖШС сейсмикалық станциялар желісінің деректері бойынша, 27 қыркүйекте Астана уақытымен 22 сағат 51 минутта жер сілкінісі тіркелді.

Жерасты дүмпулерінің ошағы Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 852 шақырым жерде - Абай облысы аумағында орналасқан.
Жер сілкінісі Семей қаласында 2 балл шамасында сезілді.
Қираулар мен зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.
Айта кетейік, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздіктің 10 қадамы:
-
Үрейленбеңіз.
-
Лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз.
-
Жиһаздан, терезеден алшақ тұрыңыз.
-
Жасырынатын жерді табыңыз: жоғарғы қабаттарда негізгі қабырғалардың бұрышында жасырыңыз.
-
Егер төменгі қабатта болсаңыз, ғимараттан шығыңыз. Көпқабатты үйлерде дүмпу тоқтаған соң сыртқа шығыңыз.
-
Мүмкін болса, суды, газды, электр қуатын өшіріңіз.
-
Алдын ала дайындалған дабыл сөмкесін алыңыз.
-
Электр желілерінен, ғимараттар мен ағаштардан аулақ болыңыз.
-
Қайталама дүмпулерге дайын болыңыз.
-
Қарттарға, балаларға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесіңіз.
Еске салайық, жақында Өзбекстанның Қазақстанмен шекаралас орналасқан облысында жер сілкінді.