Абай облысында 263 отбасылық тиран есепке қойылды
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Абай облысының полициясы отбасылық-тұрмыстық сипаттағы 241 құқық бұзушылықты тіркеді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
— Әрбір санның артында нақты адамдар, көмекке мұқтаж шынайы отбасылар тұр. Өтініштердің басым бөлігі — 208 отбасылық жанжал. Кейде қарапайым сөз таласы жағдайдың ушығуына, өмір мен денсаулыққа қауіп төнуіне әкеліп соғады. Шақыртулар көбіне әйелдерден түседі, алайда кей жағдайларда ер адамдар да «тәртіпсіз» туыстарының әрекетін шектеу үшін полицияның көмегіне жүгініп жатады, — дейді тәртіп сақшылары.
Облыстық полиция мәліметінше, қорғау нұсқамасын бұзу деректері — құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында.
— Мұндай 17 жағдай тіркелді, сондай-ақ мінез-құлыққа қойылған ерекше талаптарды бұзудың 16 фактісі анықталған. Бұл талаптарға отбасы мүшелеріне жақындауға тыйым салу, алкоголь мен есірткі заттарын қолданбау жатады. Алдын алу әңгімелері мен ескертулер нәтиже бермеген кезде, полицейлер отбасын қорғау және ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алу үшін қатаң шаралар қолданады. Алдын алу және қауіпті тұлғаларды бақылау мақсатында полиция 263 отбасылық жанжалқойды есепке қойды, оның ішінде: 222 адам — қорғау нұсқамасы бойынша, 41 адам — мінез-құлыққа қойылған ерекше талаптар бойынша. Аталған азаматтар тұрақты бақылауда: учаскелік инспекторлармен апта сайын профилактикалық әңгімелер, құқық бұзушылық салдары туралы ескертулер жүргізіледі. Мұның бәрі жағдайды бақылауда ұстауға көмектеседі. Есепке қою — жай ғана қағаз жүзіндегі рәсім емес. Бұл — қақтығыстың ушығуына жол бермейтін, отбасы мүшелерін, әсіресе балаларды қорғайтын, үйдегі тыныштықты сақтауға мүмкіндік беретін нақты қорғаныс құралы, — деп түсіндірді ведомство.
Абай облысы полициясының жұмысы кешенді сипатқа ие: рейдтер, профилактикалық түсіндіру жұмыстары, дағдарыс жағдайындағы отбасыларды қолдау. Құқық бұзушылықтарды уақтылы анықтау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейім тұлғаларды тұрақты бақылау өз нәтижесін беруде — зардап шеккендер саны азайып, отбасыларда тыныштық сақталып келеді.
Бұған дейін Абай облысында рұқсатсыз қоқыс тасталған 191 орын жойылғанын жазған едік.