Абай облысында кадр тапшылығы мәселесі қалай шешіледі

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев елордадағы есеп беру брифингінде өңірдегі кадр тапшылығы мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

Абай облысында кадр тапшылығы мәселесі қалай шешіледі
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, әсіресе медицина саласында 85 маман жетіспеушілігі бар.

«Бұл шын мәнінде нонсенс. Бізде керемет медицина университеті бар, бірақ сонда да мәселе туындап отыр. Қазір бұл мәселені шешіп жатырмыз. Біріншіден, аясы тар мамандарға, гинекологтарға, анестезиологтарға, реаниматологтарға – жергілікті жерлерде баспана сатып алуға мүмкіндік береміз. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерге келген әрбір адамға 8,5 млн теңге бөлінеді», - деді Нұрлан Ұранхаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сонымен қатар Н.Ұранхаев атап өткендей, 2023-2024 оқу жылына қосымша білім беру гранттары бөлінген. Оқуды аяқтаған соң түлектер облыс аудандарына жұмысқа баруы қажет.

«Бізде тек медицинада ғана емес, негізінен жалпы кадрлық проблема бар. Мемлекеттік қызметте де тапшылық көріп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, Семей 25 жыл бойы облыс орталығы болған жоқ, сондықтан да дәрігерлер мен басқа да мамандар Астана секілді үлкен қалаларға көшіп кетті. Барлығы Алматы, Астана сияқты қалаларда өмір сүргісі келеді. Қазір біз бұл мәселені біртіндеп шешіп жатырмыз, мамандар біртіндеп орала бастады», - деп толықтырды Нұрлан Ұранхаев.

Н.Ұранхаев Семейде бір жыл ішінде автокөліктер саны 2 есе өскенін атап өтті. Бұл адамдардың қайта орталып жатқанын көрсетеді.

«Сондықтан барлық саланың мамандары біртіндеп оралады деп ойлаймын», - деп қорытындылады әкім.

Айта кетейік, Абай облысы өзінің алғашқы жылында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша сенімді өсім көрсетіп отыр. Орташа айлық жалақы 17,6%-ға өсіп, 292,8 мың теңге болды. Облыс бюджетінің өз кірістері 141%-ға өсіп, қазынаға 87,4 млрд теңге түсірді. Биыл облыс бюджетінің көлемі 419,2 млрд теңгені болған.

Соңғы жаңалықтар