Абай облысында референдумда 400 мыңнан астам адам дауыс беру құқығына ие
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында 465 референдум учаскесі құрылған.
Оның ішіндегі 429-ы тұрғылықты жері бойынша, ал 36-сы уақытша болатын орындарда орналасқан. Облыстың аумақтық референдум комиссияларының құрамына 91 адам мүше. Оның 7-еуі облыстық комиссияда, ал 84-і қалалық және аудандық комиссияларда жұмыс істейді.
- Учаскелік референдум комиссиялары жалпы саны 3163 адамнан тұрады. Сайлаушылар тізіміне 400 151 адам енгізілді. Сайлаушыларға кеңес беру үшін 13 байланыс орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде аймақ тұрғындарының барлығына қызмет көрсететін бірыңғай «109» байланыс орталығы, қалалар мен аудандарда 12 жергілікті байланыс орталығы бар, - деп хабарлады Абай облысының сайлау комиссиясынан.
Барлық сайлау учаскелері мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы бұрыштармен жабдықталған. Көру қабілеті бұзылған сайлаушылар үшін аудиоматериалдар мен арнайы трафареттер дайындалды.
- Учаскелерде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың жасырын дауыс беруіне арналған арнайы кабиналар ұйымдастырылады. Дауыс беру күні 28 арнайы автокөлігі бар «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. Әскери бөлімдерде орналасқан 9 референдум учаскесінде заңнамаға сәйкес аумақтық комиссиялардың шешімімен дауыс беру таңғы сағат 6:00-де басталады, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстандағы сайлау учаскелерінің референдумға дайындығы қалай екендігі жайлы жазғанбыз.