Абай облысындағы мектептерде мыңға жуық сынып онлайн оқуға көшірілді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Абай облысында маусымдық аурулардың өршуіне байланысты қашықтан білім алып жатқан оқушылар саны артып келеді.

Онлайн білім
Фото: Kazinform

Облыстық Білім басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта 992 сыныптың 18 234 оқушысы онлайн форматта оқып жатыр.

- Қашықтан оқытуға көшіру шешімі тек нақты жағдайға қарай, қажеттілік туындаған сыныптарда ғана қабылданады. Тек сыныптағы оқушылардың 30 пайыздан астамы денсаулық жағдайына байланысты сабаққа қатыспаған жағдайда ғана балалар мектепке келмейді. Қазіргі уақытта 415 бастауыш сыныптары онлайн оқуда, бұл - 6 692 оқушы. Сондай-ақ 5-11 сыныптардағы 577 сынып қашықтан білім алып жатыр, - делінген ақпаратта.

Қашықтан оқитын оқушылардың ең көп саны Семей қаласында тіркелген - 11 481 бала. Аягөз ауданында - 3 695, Бесқарағай ауданында - 1 268, Жанасемейде - 565, Абай ауданында 394 оқушы онлайн оқуға ауыстырылған.

Соған қарамастан, оқу процесі үздіксіз жалғасып келеді. Мектептер онлайн оқыту құралдарын пайдаланып, оқу бағдарламасын толық көлемде орындап жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да ЖРВИ жұқтырғандар саны 45 мыңнан асқаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар